Айқын ҚОҢЫРОВ, Мәжіліс депутаты: "Нан бағасы арқылы басқа ұсыныс тастадық"

Сұхбат
27.11.2014, 15:27

 

- Айқын мырза, нан бағасы 300 теңге деген әңгімеден бастасақ, сіз толықтай түсіндіре алдыңыз ба, әлде көпшілік түсінбеді ме? Бұл қайдан шыққан тосын ұсыныс болды?

- Нан мәселесі арқылы біз қоғамның назарын еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі сұрақтарын талқылауға бағыттағымыз келді. Себебі, көпшілік азық-түлік қауіпсіздігі дегенді ел ішінде өндірілетін өнім көлемі деп қана түсінеді. Негізі бұлай емес. Біз Үкіметке халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарлама жасауды және қабылдауды ұсындық. Бұл азаматтарды отандық азық-түлікті сатып алуға ынталандырады. Америка мұны 30-жылдардан бері жасап келеді. Әуелі купон болды, кейін банк карточкасына ұқсас, ішінде ақшасы бар карта беріле бастады. Ол ақшаны тек азық-түлікке ғана жұмсауға болатын. 2013 жылы 80 млрд. доллар бөлінді. Коммунистер қазақстандық тауарларға деген сұраныс арқылы біздің шаруалар мен ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге даму мүмкіндігін беретін нарық механизмін ұсынды. Бүгінгі таңда дүкендерде арзан бағадағы импорттық өнімдер толып тұр. Олар ауылдағыларға кері әсерін тигізуде. Себебі тұтынушы мен сатушы өнімнің сапасы мен жергілікті жердікі екендігіне емес, бағасына қарайды. Сондықтан қазір ауылдарда жағдай күрделі: еңбекақы төмен, жастар көшіп жатыр.

Үкімет бізді қолдамады. Сондықтан біз қоғамды дүр сілкіндіру арқылы адамдардың назарын мәселеге тұтас аудартқан жөн деп шештік. Келесі қадам - жаңа депутаттық сауал. Халық бізді қолдайды деп үміттенеміз.

Konyrov 1

- Үкімет қолдамады деп отырсыз, осы Коммунистік партия өкілі ретінде айтыңызшы, халық сіздерді қалай қабылдайды?

- Аға буын өте жақсы қарайды. Компартия кезіндегі тегін білім, тегін медицина, тегін баспана, тегін демалыс сияқты жақсылықтар олардың есінде сақталып қалған. Табысты жастар мұны қабылдамайды, олар үшін мұның барлығы қалыпты нәрсе. Бастарынан проблемалары арылмаған жұмыссыздар, борышкерлер, үлескерлер, өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар бізді қолдап отыр.

- 2012 жылдың 15-қаңтарында өткен сайлаудағы Коммунистік партияның басты ерекшелігі не болды? Парламенттен орын алуға қандай факторлар ықпал етті?

- Біздің Парламентке өтуіміз бізге сеніп дауыс берген 500 мың азаматтың арқасы, таңдауы. Партияның басты айырмашылығы - қарапайым халықтың мүддесін қорғау. Олардың зейнетақыларының уақытылы берілуін, түрлі мембағдарламалардың орындалу сапасын қадағалау.

- Халық алдында берген уәделеріңіздің қанша пайызын орындаған сияқтысыздар?

- Біз Үкімет пен әкімдерді "Ақ бұлақ", "Жұмыспен қамту картасы", "Агробизнес", "Моноқалаларды дамыту" мемлекеттік бағдарламаларының есебіне мән беруді бірнеше жыл бойы міндеттеп келеміз. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналды шаруашылықтарда тарифтердің көтерілуі мен бюджеттік қаражаттың орынды жұмсалуымен күресіп жүрміз. Жеке зейнетақы қорларының жабылып, зейнетақы жинақтарын мемлекетке тапсыруға қол жеткіздік. Әйелдердің зейнет жасын ұзарту мен жылжымайтын мүлік пен көлік салығын көтеруге қарсы болып дауыс бердік. Коммунистер үкіметтің әрбір есебіне қарсы дауыс береді, себебі ол жерде кемшіліктер өте көп. Бұл үкіметке деген сенімсіздік вотумы.

- Егер келер жылы сайлау бола қалса, коммунистік партия қанша орын алуы мүмкін?

- Біз Парламенттегі 25-30 орынға мүдделіміз. Алайда барлығы елдегі экономикалық жағдайға байланысты болады.

- Президент биылғы Жолдауын «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген жиынында жасады. Парламент депутаты ретінде сіздер бұрынғыдай қатыса алмадыңыздар. Ренжіп қалған жоқсыздар ма?

- Біздің ОК хатшысы саяси партиялармен байланысқа жауапты Ж. Ахметбековтың шақырылмауы бізге түсініксіз болып отыр.

- Президенттің өз аузынан естімеген Жолдауды халыққа қаншалықты түсіндіре алып жатырсыздар? Қай елді мекендерде болып қайттыңыздар?

- Шын мәнісінде Жолдау мәтіні де бар. Ол түсінікті жазылған. Түсіндіру жүргізу мақсатында әріптестерімізбен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде болдық, қазір Алматыдамыз. Нанның ғана емес, басқа азық-түліктің де қолжетімді болғаны маңызды.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

 

Сұхбат

PhotoRoom