ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ: «МІНДЕТТЕМЕНІ АЛДЫҚ, ЕНДЕШЕ ОНЫ ОРЫНДАУ КЕРЕК».

Жамбыл облысы
07.12.2018, 01:44

«Менің болжамым бойынша Жамбыл облысының барлық индикаторларды орындауға толық мүмкіндігі бар. Керек болса мынадай талап қойып отырмыз. Бізге қойған экономикалық өсім 3,8 пайыз болса, оны 4- пайызға жеткізу мүмкіндігі. Барлық мүмкіншілік бар. Тек қана жұмыс істеу керек. Сондықтан да бұл талқыланбайды. Ол орындалу керек. Міндеттемені алдық, ендеше оны орындау керек». Осындай талап пен міндетті қатаң ескерткен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, бүгінгі облыс әкімдігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде 11 айдағы аймақта орындалған индикаторлық көрсеткіштерді сүзгіден өткізді және алдағы 2019 жыл бюджетіне қатысты жұмыстарға тоқталды. Ең бастысы мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында көрсетілгендей халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты қадамдар жасалып отыр. Жыл басынан бері нақты меже қойылып жүйелі түрде жұмыс жүргізудің арқасында Жамбыл облысының экономикасы да артып келеді деп атап көрсетті аймақ басшысы.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сай жыл басынан бері бюджетті оңтайландыру жұмыстары жүргізілген, соның нәтижесінде оң көрсеткіштер бар. Мәселен, бұрын әр ғимаратты жалға алып, оған өз білгендерінше ақша төлеп келген кәсіпорындардың жұмысын реттеудің арқасында бір жылда  92- млн. бюджет қаражаты үнемделген.

Жамбыл облыстық экономика басқармасының мәліметінше, жалпы аймақтағы ахуал тұрақты. Міндетті межелер де артығымен орындалған. Тек, құрылыс пен инвестиция тарту бағытында кейбір мәселелер ғана әзірге шешімін таппай отыр. Аудандар бойынша да барлық индикаторларды орындау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Алайда, кейбір жекелеген аудандарда ғана ет экспорты, өнеркәсіп пен өзге де салада индикаторлар орындалмай отыр. Оның да өзіндік обьективті себептері бар. Өңір басшысы Жамбыл жерінде бұл көрсеткіштердің барлығын орындауға толық мүмкіндік бар екендігін айтып, кейбір мәселелерді шешуге нақты ұсыныстар жасады.

Асқар Исабекұлы алдағы жылдың бюджетін нақтылау кезінде Жамбыл жерін танытатын, қоғамға нақты пайдасы тиетін істермен ғана айналысу керек дегенді шегелеп тапсырды. Бұдан былай облыс әкімдігіне қарасты мәдениет, спорт, жастар саясаты сияқты басқармалар өткізетін 1-2 млн теңгелік шараларға жол берілмеуі тиіс, оның орнына сол үнемделетін қаржы елге, жұртқа пайдалы шаруаға жұмсалсын деді. Президентіміздің жуықта айтқан волонтерлік жұмыстарды дамытуға қатысты мәлімдемесі де өңірде қолдау тапқан. Айталық, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы еріктілер тобын құрып, алдағы уақытта атқаратын қайырымдылық істердің жоспарын жасап қойған.

Алқа мәжілісте тұрғындар денсаулығын жақсарту, жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтік салаға барынша ден қою, оған басымдық беру сияқты өзге де мәселелер қаралды. Басты басымдық –бюджет қаражатын тиімді пайдаланып оны ел игілігі үшін жұмыс істеу екендігі міндеттелді.

Асқар Мырзахметов міндетті межелердің орындалуы бойынша тиісті мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom