ЖАМБЫЛДЫҚТАР ҚАЛАҒАН ЕМХАНАСЫНА БАРУДА

Жаңалықтар
03.12.2018, 00:30

Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатыны басты назарда екенін айтып өтті. Қазіргі таңда сол тапсырмалар аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» бірқатар жұмысты атқарып келеді.

Жамбыл облысында еркін емхананы таңдау құқығын 3 113 тұрғын емханаға өтініш беру жолымен тіркелсе, 72 адам «Еgov.kz» электрондық порталы арқылы қызметті таңдаған. Тіркелген азаматтардың жалпы санынан 11,1% (354 адам) мемлекеттік емханаларды, 88,9% (2831 адам) жекеменшік емханаларды жөн деп шешкен. Былтырғы тіркеу науқаны барысында облыста 4211 тұрғын емхана таңдау құқығын пайдаланған.

Алдағы уақытта емхана арқылы тіркелу тоқтатылады. Бұл шешім жүйелі проблемаларды жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданып отыр.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Мавлюда Бокаева:

«Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Біріншіден, тіркелу үшін емханаға тікелей барып үйренген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтарда Connection Point бөлімшелері бар, олар «Egov.kz» порталына қосылған. Сол жерде арнайы кеңесшілер отырады. Екіншіден, «Egov.kz» жуырда Telegram ботын іске қосты. Смартфонның көмегімен осы бот арқылы бірер минутта тіркеле алады. Үшіншіден, қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді, әрі артық құжат талап етпейді. Аймақта биылғы тіркеу науқанына 22 медицина ұйымы қатысты, оның ішінде 7 жекеменшік медициналық мекеме. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек», – дейді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы Заңы бойынша тұрғындар емхананы мынадай жағдайларда ауыстыра алады:

- басқа жерге қоныс аударғанда;

- сізге қызмет көрсетіп келген емхана жабылса, белгілі бір қызмет түрін көрсетуді тоқтатса, қайта ұйымдастырылса, медициналық сақтандыру Қорымен арадағы келісімшартты ұзартпаса немесе белгілі бір себептермен қызмет көрсету туралы келісімшарт бұзылған жағдайда;

- сіз көптен бері (немесе мүлдем) емханаңызды ауыстырмаған болсаңыз және оның қызметіне көңіліңіз толмаса, жылына 1 рет емхананы ауыстыруға болады;

- егер үйдің қасына жаңадан емхана салынса және ол Қордың дерекқорына енген болса.

Тіркеумен айналысатын емханалардың толық тізімін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан табуға болады.

Айта кетсек, бәрімізге белгілі, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру»  туралы Заң 2015 жылы 16 қарашада қабылданды, алайда ағымдағы жылдың басынан осы заңға, соның ішінде, 2020 жылға арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімі бойынша да өзгерістер енгізілді. Бұл еліміздің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халқын медициналық сақтандырудан тыс қалып қоймауымен байланысты болды. Жарналар мен төлемдер бойынша қабылданған өзгерістерге сәйкес жұмыс берушілер 2018-2019 ж.ж. өз қызметкерлеріне еңбекақы қорынан 1,5% мөлшерінде жарна төлеуді жалғастырып келеді.

Жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке тұлғалар 2020 жылға дейін өздері үшін төлемейді, егер олардың жалдамалы қызметкерлері болса, олар да жұмыс берушілер сияқты, заңға сәйкес, оларға 1,5% төлеуге міндетті. Мемлекет азаматтардың 14 санаты үшін төлейтін  болады – олар зейнеткерлер, балалар, мүгедектер, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері және т.б.

Сұхбат

PhotoRoom