ТАРАЗДЫҚ КОМПАНИЯ «АЛТЫН САПА» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ БОЛДЫ

Жаңалықтар
25.12.2018, 15:45

Астанада өткен ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы болып Тараздық «Novacom Technology» компаниясы «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша марапатталды. Бұл кәсіпкерлерге сапалы өнім шығарғандығы үшін берілетін жоғарғы марапат. «Novacom Technology» компаниясы қазіргі таңда IT-технология саласындағы өнімдерді шығарумен айналысады.

Биылғы жылы «Алтын сапа» конкурсына 182 кәсіпорын сайысқа түсіп, оның 78 -і шағын кәсіпкерлік, 76-сы орта және 28-і ірі кәсіпкерліктің нысаны болды. Лауреаттар төрт номинация бойынша анықталды: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын».

«Novacom Technology» ЖШС бұрын Жамбылда болмаған жұмыстармен айналысуды мақсат етіпті. Мәселен, қазір кәсіпкерлік нысаны ағылшындық телефон дүңгіршектері, бірлік қабылдайтын терминалдар мен мекемелерге қойылатын турникеттер шығарады. Бұл заттар бұрын өңірге Ресейден немесе Қытайдан әкелінетін. Сондай-ақ, келкшекте Тараз қаласының көшелерінде Лондон аялдамаларындағы сияқты қызыл дүңгіршектер қойылады деп күтілуде. Сонымен қатар, тұрғындарға әртүрлі төлемдерді төлеп, қала жөнінде ақпарат алуға да болады екен.

Марсель Әбдіраманов, «Novacom Technology» ЖШС-нің президенті:

-«Біз неге ағылшын дүңгіршектері сияқты төлем терминалы бар телефон дүңгіршектерін қала көшелеріне қоймасқа деген ой келді. Осы дүңгіршектерді біз Қазақстан бойынша бірінші боп Тараз қаласына қоймақшымыз».

Жеке кәсіпкерлік бүгінгі таңда өздерінің турникеттерін Тараздағы бірқатар мемлекеттік колледждерге орнатқан. Оның басты ерекшелігі - турникетке картаны тигізген кезде монитор арқылы сол адамның түрін көруге болады. IT- технология саласындағы мұндай жаңалықтарды жасап жатқан да Тараздық жас мамандар. Аталмыш жұмыстардың барлығы жуырда ашылған Тараз-хаб орталығында облыс әкімі Асқар Мырзахметовке көрсетіліп, аймақ басшысы тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

– «Мен төрт жылдан асты осы компанияда қызмет етемін. Өзіме жаңа заманғы технологиямен жұмыс істеу ұнайды. Қазір біз осы цехта телефон терминалдарын жасап жатырмыз. Бір қарағанда қиын көрінгенімен, жұмыс өзімізге оңай. Терминалдың ішкі бөлігін компьютер арқылы жасаймыз да, сыртқы бөлігін екінші цехта құрастырамыз», - дейді  Бахадүр Нұрматов,  IT-технолог маманы.

Заманауи бағытта жұмыс істеп жатқан Жамбылдық компания алдағы уақытта қазіргі цехтың көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Сол арқылы өңірде IT-технология саласын дамытуға атсалыспақшы.

 

Сұхбат

PhotoRoom