Елбасы сапарында алты нысан ашылды

Аймақ
08.12.2014, 14:43

 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында болып, «Түркістан» сарайы мен облыстық драма театрды, 5 жұлдызды «Rixos» қонақүйін ашты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Шымкент шаһарының жаңа келбетінің таныстырылымы барысында жаңа орталық маңынан 70 га. аумақта салынған тарихи-мәдени аймақ пен облыстық тарихи-өлкетану мұражайын, әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығын іске қосты.

«Түркістан» сарайында Шымкент қаласының жаңа келбетін облыс әкімі Асқар Мырзахметов таныстырды.

Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» саяси құжатында «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді»деген болатын. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласының аумағы 40 мың га-дан 117 мың га. ұлғайып, жаңа Қаратау ауданы құрылды. Бүгінде қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде 1600 га. аумақта жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүруде. Оның құрылысына жалпы 82,1 млрд. теңге, оның ішінде бюджеттен 18,6 млрд. теңге, жекеменшіктен 64 млрд. теңге тартылуда. Құрылыстың Ікезеңінде 284 га. аумақта «Түркістан» сарайы, облыстық драма театры, «Отырар» кітапханасы, Көрме орталығы, жаңа алаң мен гүлзар, көпқабатты тұрғын үйлер, қалалық емхана, «Назарбаев зияткерлік мектебі», кешенді медицина және сауда орталықтары салынды. Одан бөлек мұнда облыс әкімдігінің ғимараты, «Оңтүстік» қабылдау үйі, 8 мың орындық орталық мешіт, көркем гимнастика кешені, көпсалалы кәсіби-техникалық колледж, қалалық мұрағат, балабақшалар, мектептер және 740 мың ш. м. құрайтын 167 көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын жаңа мөлтекаудан салынуда. Бұл әлеуметтік нысандар келесі жылы пайдалануға беріле бастайды.

Өңірдің зиялы қауым өкілдері мен этномәдени орталықтардың төрағаларымен жүздескенМемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «-Бес жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы екі есеге өсті, 300-ден астам мектептер пен 280 медициналық нысандар іске қосылды. Оңтүстікте өндіріс те, халықтың тұрмысы да, жастардың білім деңгейі де өсіп келе жатыр. Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысын үнемі бақылауда ұстап келемін. Енді мұнда зәулім салтанат сарайы мен кітапхана ашылып, әкімдіктің жаңа ғимараты салынып отыр. Мұрайжайлар мен өзге де мәдени нысандардың құрылысы жүргізілді. Осының барлығы халықтың игілігі үшін жасалған жұмыстар», ‒ деді.

Түрлі салтанатты шаралар ұйымдастыруға лайықталған «Түркістан» салтанат сарайының жалпы алаңы 8,5 мың ш.м., сыйымдылығы − 1364 орынды құрайды. Ғимарат құрылысына облыстық бюджеттен 1,4 млрд. теңге жұмсалды.

Облыстық драма театрдың жаңа ғимараты 8 мың ш.м. орналасып, оның құрылысына облыстық қазынадан 1,5 млрд. теңге қаралды.

Шымкент қаласының еліміздегі үшінші қала мәртебесіне лайық болуы үшін шаһардың туристік мүмкіндіктерін де өркендету қолға алынған. Осы орайда жаңа орталықтың қасынан 70 га. аумақ бөлініп, тарихи-мәдени аймақ салынды. Мұнда «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, көл аумағындағы демалыс орындары пайдалануға берілді. Одан бөлек, жаңа Бәйдібек би ескерткіші бой түзеп, қалаға келетін меймандар үшін заманауи қонақүй ашылды. Бүгінде этносаябақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келешекте бұл аумақ қала тұрғындарының тағы бір сүйікті демалыс орындарының бірі болып, туристерді тартуға жаңа серпін бермек.

Шымкенттің архитектуралық келбетіне сай өнеркәсібі де қарқынды дамып отырғанын да атап өтуге болады. Облыс бойынша Индустрияландыру картасына енген 223 жобаның 54-і қаланың үлесінде.

Сапар соңында Мемлекет басшысы 12 қабатты «Rixos» қонақүйінің ашылу рәсіміне қатысты. Заманауи сәулеттік келбетке ие бұл нысанның құрылыс жұмыстарына 9 млрд. теңге жеке инвестиция тартылған.

Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапарында өңірде атқарылған жұмыстарды оң бағалады.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі

 

Сұхбат

PhotoRoom