2020 жыл - Шымкент үшін бірнеше маңызды мерейтойдың тоғысқан жылы

Рейтинг
27.02.2020, 15:31

2020 жыл - Шымкент үшін бірнеше маңызды мерейтойдың тоғысқан жылы. ТМД елдерінің мәдени астанасы жылымен қатар Әбу Насыр Әл-Фарабидің - 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының - 175 жылдық, Алтын Орданың - 750, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойлары мен Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар және тағы басқа іс-шаралар жоспарлануда.

Бұл туралы Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев баспасөз брифингінде мәлімдеді.

– «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылу рәсімі 20 наурыз күні Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткізіледі. Салтанатты іс-шараның концерттік бағдарламасына 800-ге жуық Шымкент қаласының өнерпаздары мен Алматы, Астана қалалары мен ТМД елдерінен 300-ден астам өнерпаз қатыспақ. Ашылу салтанатын 16 мыңнан астам қала тұрғындары мен сыйлы қонақтар тамашалай алады, - деді Рашид Мамытұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, туристер мен қала тұрғындарының қызығушылығын туғызатын Цитадельдің құрылысы қарқынды жүруде.

Шымкент қалашығы Ұлы дала елі үшін ерекшеленетін археологиялық объект және мемлекеттік маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген. 19 маусым - қала күнінде Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойын ресми атап, ашық аспан астындағы мұражайдың салтанатты ашылу рәсімін өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, жыл бойы Шымкент қаласына гастрөлдік іссапармен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 27 еліміздің жетекші театрлары мен филармония ұжымдары келеді деп күтілуде.

Сұхбат

PhotoRoom