ШЫМКЕНТТЕН МАҚТААРАЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА 30 АРНАЙЫ ТЕХНИКА КӨМЕККЕ ЖІБЕРІЛДІ

Рейтинг
04.05.2020, 16:17

Шымкент қаласынан Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерге авариялық-құтқару қызметі үшін 30 арнайы техника жіберілді.

Ауданда төтенше жағдай орын алған алғашқы күннен Шымкент қаласынан арнайы техникалар көмекке жіберіле бастаған болатын.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбековтың мәлімдеуінше, су тасқынынан зардап тартып отырған ауданға көмек мұнымен тоқтамайды және шаһардан жіберіліп жатқан көмек Мақтаарал ауданы әкімінің ұсынысына сәйкес қарастырылуда.

– Қазір Мақтаарал ауданының тұрғындарын эвакуациялау мақсатында Шымкент қаласы тарапынан жіберілген 10 арнайы техника жұмыс істеуде. Бүгін ауданға көмекке аттанған 30 арнайы көлік те авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылады, - деді Алмасбек Кеңесбекұлы.

Айта кетейік, күні кеше Мақтаарал ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қаласы ТЖ департаментінің "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесінің жеке құрамынан 12 адам және 4 техника, 2 су құралы, 4 мотопомпа, сондай-ақ аталған мекемеге тиесілі Шардара қаласында орналасқан жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері мен 1 техникасы, 2 су құралы тез арада көмекке аттанған болатын.

Сондай-ақ оқиға орнында Шымкент қаласының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің командалық-штабтық автокөлігі де жұмылдырылған.

Сұхбат

PhotoRoom