Ақмола зауытының өнімі сұранысқа ие бола бастады

Аймақ
23.02.2015, 14:18

Ақмола облысындағы құрама жем зауытының өнімі сұранысқа ие бола бастады. Бұл туралы «АгроТрейдинг - 2007» ЖШС-нің директоры Сергей Миленко мәлім етті деп хабарлайды Қазақпарат.

Еске сала кетсек, өткен жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Көкшетау қаласының іргесіндегі Станционный кентінде «АгроТрейдинг - 2007» ЖШС-нің Германияның жаңа технологиясымен жабдықталған, қуаттылығы сағатына 15 тонна құрама жем өндіретін зауыты іске қосылған еді.

Зауытының құрылысы 2013 жылы қолға алынған болатын. Мұндағы мақсат - AGRAVIS концернінің инновациялық технологияларын қолдану арқылы елімізде сапасы жоғары үй жануарлары мен құстарға арналған толық рационды құрама жем өндіру. Жобаның жалпы құны - 1 миллиард 200 миллион теңге.

Серіктестік директоры Сергей Миленконың айтуынша, AGRAVIS бренді бүкіл әлемнің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне белгілі. Бұл кәсіпорынның мүмкіндіктері өте жоғары. Әдетте құрама жемді шағын мөлшерде алатын үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтары үшін көтерме-бөлшек сауда жүйесі құрылған.

«Зауыт AGRAVIS концерннің мал азығын дайындаудағы көпжылдық тәжірибесі ескеріліп, солардың технологиясы бойынша салынған. Ішіндегі қондырғылар жетекші швейцар өндірушісі Bühler желісімен жабдықталып, монтажын «Bosche Systembau GMBH» фирмасы жүзеге асырған.

Кәсіпорын Қазақстанның индустриалды картасына енгізілгендіктен, мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетілді. Қазіргі кезде, осы жерде өндірілген біздің құрама жемді Ресейдің Омбы, Түмен облыстары мен көрші Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтары тұтынуда. Кәсіпорын алдағы уақытта толық қуаттылығына көшеді. Бұл кезде біз 50-ге жуық адам жұмыспен қамтыйтын боламыз», - дейді серіктестік басшысы.

 

Сұхбат

PhotoRoom