ОҚО-да баламалы энергияға басымдық беріледі

Аймақ
24.04.2015, 23:36

Электр энергиясының 50 пайызын шеттен тасымалдап отырған Оңтүстік Қазақстан облысы қордаланған бұл мәселенің түйінін алдағы екі жылда шешіп, түйткілін тарқатпақ.

Өйткені, өңірімізде баламалы энергия көздерін өндіретін 20 шақты жоба жүзеге асуда. Бұл туралы «энергия тиімді Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкентте өткен ғылыми-практикалық конференция кезінде мәлім болды. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, бір-екі жоба биылдың өзінде іске қосылады. Халқы тығыз, құрылысы қарқын алып, өндірісі өркендеп тұрған оңтүстіктің электр энергиясына деген жылдық қажеттілігі 550 мегаватты құрайды. Ал, энергетиктер болса, қажеттілікті қанағаттандырудың жаңаша формуласын ұсынып отыр. Ол - электр энергиясын үнемдеу. Жаңа инновациялық тәсілдерді қолдана отырып, тәуелділікті 30 пайызға дейін төмендетуге болады. «Бұл жай сөз емес. Тәжірибе жүзінде дәлелденген тәсіл», - дейді мамандар.Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның ТҮКШ, құрылыс ұлттық палатасының басқарма төрағасы: дамыған елдерге қарағанда бір жарым, екі есеге шығын көп бізде. Екіншіден, коммуналдық жүйелерде, мысалы, 30-50 пайызға жоғалтып отырмыз жылу энергиясын. Үшіншіден: басқа ғимараттарды айтпағанда, көп пәтерлі тұрғын үйлердің өздеріне келіп отырған жылу энергиясының өзін 30 пайызға тиімсіз пайдаланылады. Осы проблемаларды біз шешуіміз керек.Шешімін күткен мәселе көп. Соның бірі - көп қабатты тұрғынүйлер мен мемлекет меншігіндегі әлеуметтік нысандарды жаңғырту. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, еліміздегі тек әлеуметтік ғимараттарды терможаңғыртудан өткізсек, жылына 50 млрд. теңгеден астам қаржыны үнемдейді екенбіз. Енді тек іске кірісу қажет. Ол үшін мемлекет қолдан келген көмекті көрсетуге дайын. Қазіргі таңда осы үкімет тарапынан, министрлік тарапынан төмен пайызды кредиттермен қамтамасыз ету бағыты бойынша жұмыстар атқарылуда.

Сұхбат

PhotoRoom