Жаңа әкімдер тағайындалды

Аймақ
28.05.2015, 09:43

Павлодар облысы әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен жаңа әкімдер тағайындалды. Осылайша, Павлодар ауданының әкімі болып Александр Витальевич Бабенко, Шарбақты ауданының әкімі болып Ибраев Балғабай Жұмағұлұлы тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Александр Бабенко Павлодар облысының тумасы, КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін және РФ Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын тәмамдаған.

Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы лауазымында қызмет етті. Кәсіпкерлік қызметте және бизнесте мол тәжірибесі бар. Павлодар облыстық мәслихатының үш шақырылымының депутаты болды. Павлодар облысы шахмат федерациясының президенті. Барлық лауазымдарда өзін білгір маман, іскер де сауатты басқарушы ретінде көрсете білді.

Ибраев Балғабай Жұмағұлұлының мемлекеттік органдардағы басшылық қызметтерде жиған тәжірибесі мол. Ауылшаруашылығы және өнеркәсіп салаларын жақсы біледі. Түрлі жылдары Ақсу қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының маманы, бөлім бастығы болып жұмыс істеді, сондай-ақ Ақсу қаласының «Горводоканал» МКК директоры болды. Соңғы жылдары Ақсу қаласы әкімінің ауылшаруашылығы және ТКШ мәселелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

Облыс басшылығы жаңа әкімдерге аудандарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамытуды, еңбек өнімділігін арттыруды және бәсекеге қабілетті ауылшаруашылығы өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорындар ашуды тапсырды.

Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom