Сан самиттен бір түйін...

Сараптама
16.04.2014, 18:56

«Түркі әлемі», «түркі бірлігі» һәм «түркі елдері интеграциясы» деген ұғымдар 1990 жылдары Кеңес Одағы құлаған соң құлаққа тие бастады. Алайда бар арманы - түркі халқының бірлігі болған Тұран Язған сынды алыптар сонау 1980-ші жылдардың өзінде «түрік дүниясы» сынды сөзді айналысқа енгізіп, Ыстамбұлда осы аттас түркі халықтарының бай мұрасын зерттейтін қоғамдық қор құрды. Оны социализмнің сорпасын ішіп, Хрущев айтқан коммунизмнің елесіне жетеміз деп етегіне сүрініп жүрген отаршылдықтағы түркілердің білмеуі заңды да. Тәуелсіздікті алған соң өзімізді тануға деген құлшыныс артты. Санаға сілкініс жасап, тарихтың ақтаңдақ беттерін сәулелендіруге талпындық. Түбі бір түркі – бір атаның балалары екенімізді ұқтық. Бір бәйтеректің бұтақтары екенімізді сезіндік. Анадолыдағы түрік ағайындардың коммунизмнің шекпенінен шыққан бес бауырының тәуелсіздігін едел-жедел мойындауы әсерлі. «Енді алтау болдық, алтау ала болмасын» деген тілектер ағылды.

Түркітілдес елдер интеграциясындағы алғашқы қадамды Түркия жасады. Сол кездегі түрік елінің президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен. Әлбетте, еншісін енді алып, ел болып, қай жолмен жүрерлерін білмей абдырап отырған бес елден мұндай бастаманың шыға қою неғайбыл еді. Мұстафа Кемал Ататүріктің «Кеңес Одағымен жақсы болуымыз керек, құрамында тегі бір, діні бір бауырларымыз бар. Олар күндердің күні еркіндікке шығады. Сол күнге дайын болуымыз керек» деп ерте жарықта айтқан аманаты бар. Коммунизм бір-ақ күнде қараң қалды. Түрік зиялылары «біз бауырлас елдердің тәуелсіздік алып, жеке ел болып шыққан сәтіне дайын болмай шықтық» деп әлі айтады...

1992 жыл. 30 қазан. Анкара. Түркітілдес елдер президенттерінің алғашқы ресми саммиті. Түркілік интеграцияның бірінші қадамы болып тарихта қалды. Бұл ресми Анкараның түркітілдес елдер арасындағы сан салада ынтымақтастық орнатып, интеграцияны жедел арттыруды көздеген алғашқы жиыны. Келелі кеңеске Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Тұрғыт Өзал, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Әзірбайжан президенті Әбілпейс Елшібей, Қырғыз Президенті Асқар Ақаев пен Түркіменстан Президенті Сапармұрат Ниязов қатысты. Бауырлармен қауышатын күнді асыға күткен Тұрғыт Өзал «түркілік одақ құру» бастамасын көтерді. Бірақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемеге қол қоюдан бас тартты. Одақ құруға әлі ерте екенін тек экономикалық, гуманитарлық және саяси байланыстарды жақтайтынын жеткізді. Тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен елдің әрбір жүрісі мұқият болу керек. Ол жылдары қазақтың саны 40 пайыздың ар жақ, бер жағы. Халықтың экономикалық ахуалы әлсіз. Әуелі тәуелсіздіктің тұғырын нықтамай қандай да бір одақ құрудың оғаш болары түсінікті еді. Одақ құрылса елдегі сан ұлттың көңіліне алаң кіріп, қарап қалмасы анық еді. Саясаттанушылар бұл бас тартудың кейін өте дұрыс қадам болғанын мойындады.

Одан кейінгі саммит 1994 жылы Ыстамбұлда болды. Бұл жиынға да барша алты мемлекеттің басшылары жетті. Үшінші саммит Қырғыз Республикасы президенті Асқар Ақаев тарапынан Бішкекте 1995 жылы ұйымдастырылды. Бұл басқосуда алты елдің басшылары тағы бір мәрте жоғары деңгейде кездесті. Ал  ІV саммит 1996 жылы Ташкентте болды. Бұл әзірше Өзбекстанда өткізілген түркітілдес мемлекеттер басшыларының ең алғашқы әрі ең соңғы саммиті болып тұр. Алты елдің президенттері соңғы рет түгел жиналды. Ташкент декларациясының 16-бабында  тараптар саммиттердің үдерістерін басқарып отыру үшін тұрақты хатшылық керек деген тоқтамға келді. Себебі, бұған дейін кездесулерде қабылданған шешімдер кейде іске аспай қағаз жүзінде қалатын әрі олардың атқарылу барысы жіті қадағаланбайтын. Өйткені, мұны басқарып, қадағалап отыратын ресми бір ұйым болмады. 1998 жылы Астанада түркітілдес мемлекеттер басшыларының V саммиті өтті. Бес елдің президенті мен Түркіменстанның мәжіліс төрағасы қатысты. Мемлекет басшылары сыртқы істер министрлері тарапынан әзірленген түркітілдес мемлекеттер басшылары саммитінің хатшылығы ережелерін қабылдады.

Ал 2000 жылы Баку саммиті өтті. Гейдар Әлиев үш елдің президенті мен Түркіменстан және Өзбекстан парламентінің спикерлерін VI саммитте қарсы алды. Келер жылы VII саммит әсем Ыстамбұлда ұйымдастырылды. Ол жиынға Түркия президенті Ахмет Неждет Сезер, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Президенті Асқар Ақаев, Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиев, Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов пен Өзбекстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Еркін Халилов қатысты. Бұдан соң саммит біраз уақыт жалғасын таппай қалды. Араға бес жылы салып барып қана 2006 жылы VIII саммит Анталия қаласында өтті. Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев, Қырғыз президенті Құрманбек Бакиев, Түркия президенті Ахмет Неждет Сезер Анталия декларациясына қол қойды. Өкінішке қарай, Өзбекстан мен Түркіменстан бұл жолы келмеді. Түркітілдес мемлекеттердің тәуелсіздігінің он бес жылдығы аталып өткен саммитте Қазақстан президенті түркітілдес мемлекеттер бірлігін күшейтуде соны жүріс жасау керек деген бастама көтерді. Осы уақытқа дейін көбінесе сөз жүзінде қалып келе жатқан бауырластар бірлігін іс жүзінде шегендейтін ұйымдардың қажеттігін атап берді. Түркілік интеграцияға батыл қадам жасайтын уақыт жеткеніне тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы Түркі кеңесін, оның тұрақты хатшылығын және Ақсақалдар кеңесін құруды ұсынды. Бұл ерекше ұсыныс үш жылдан соң Нахчыван қаласында өткен кезекті саммитте нақты жүзеге асты.

1992 жылдан бастап түркітілдес елдер арасындағы екіжақты және жан-жақты һәм мәдени, білім, экономика сынды сан саладағы ынтымақтастықтың шарықтау шегі Нахчыван келісімі болды. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыванда өткен IX саммиті күллі түркі әлемі үшін тарихи оқиға болды. Бұл жиында тараптар «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы» келісіміне яғни Нахчыван мәмілесіне қол қойды. Тарихи келісімге Әзірбайжан, Түркия, Қазақстан мен Қырғыз республикасының президенттері қол қойып, Түркі Кеңесі сынды халықаралық жаңа саяси ұйымның өмірге келгені жария етілді. Нахчыван саммитіне Түркіменстан вице-президенті бақылаушы ретінде қатысса, Өзбекстан мүлде қатыспады. Аталған келісім тура бір жылдан соң күшіне енді. 2010 жылы Ыстамбұлда X саммит болды. Бұл басқосуда бұдан кейінгі жиындар Түркі кеңесінің жиыны деп аталып, жыл сайын  нақты бір тақырып аясында өтетін болып келісілді. Түркі кеңесінің алғашқы ресми саммитінің тұсауы 2011 жылы Алатаудың баурайы Алматыда кесілді. Тақырып экономикалық әріптестік болды. 2012 жылы Бішкекте өткен Түркі кеңесінің ІІ саммитінде білім, ғылым мен мәдениет саласы талқыланды. Бұл жиында президенттер Түркі академиясын құру туралы келісімге қол қойды. ІІІ саммит өткен жылы Әзірбайжанның Габала қаласында ұйымдастырылып, көлік және байланыс мәселесі талқыға түсті. Ал биыл Түркияда өтеді деп жоспарланған ІV саммитте туризм жайы қозғалмақ.

Тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі түркітілдес елдер басшыларының жоғары деңгейдегі кездесулерінің бәрін тізбектеп шықтық. 2009 жылғы Нахчыван келісімінің түркі елдері интеграциясына соны серпін бергенін баса айта кету керек. Осы аралықта әр салада бауырлас елдерді жақындастыра түскен бірнеше салиқалы институттар пайда болды. Атап айтқанда, түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) мен Астанадағы Түркі академиясы берекелі жұмыс істеуде.

Бүгінде түркі әлеміне қатысты әңгіме қозғалғанда Қазақстан һәм Елбасымыздың сөзсіз көшбасшы екені мойындалады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев көптеген жобалардың бастамашысы. Сондықтан түркілік интеграцияның басында Қазақ елі тұр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір мәселелер толқу мен сезім арқылы жасалғаны рас. Ал қазір түркітілдес елдер интеграциясы сатылап, кезең-кезеңмен даму үстінде. Бүгінде ағайынды алты мемлекет өз жолын тапқан, өз жөні бар әлемге ашылған дамудың өзіндік даңғылына түскен елдерге айналды. Түркілік интеграция пантүркизмдік сипатта емес өркениет өресіне сай ілгерілеуде. Түркі елдерінің бірігуіне іш жиып қарайтын елдер де бар. Құрамында түркілер көп Қытай, Ресей, Иран сынды елдер түрік бірлігінен сескенеді. Бұл бірліктен пантүркизм мен панисламизм белең ала ма деген қауіпте. Ал бір атаның балаларының басының қосылуын ешқашан қаламайтын Иран мен Ресей шама келгенше кедергі жасауға тырысады. Сөз болып отырған екі елдің әр түрлі ұйымға түркі елдерін мүше ретінде тартуынан түркілік интеграцияны кешеулдетуге деген ниеттері көрініп қалады. Түрік бірлігіне бір саусақтарын бүгіп отырған өзге де елдер бар. Дейтұрғанмен, түркі елдері интеграциясы дамудың жаңа кезеңіне шықты.

                                                                                          Ер Едіге 

Сұхбат

PhotoRoom