94 қызылордалық қайтарымсыз грант иегері атанды

Аймақ
01.07.2015, 19:42

Қызылорда қаласында «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» мұнай компаниясы қаржыландыратын «Ақниет» әлеуметтік-серіктестік бағдарламасы аясында 94 кәсіпкерге грант куәліктері табыс етілді. Марапаттау рәсіміне «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В.» компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры Андрей Кириллов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және аудан әкімдері қатысты. Салтанатты шарада 2013-2014 жылғы жеңімпаз жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.  

Талпынысы зор болғанымен, қолдың қысқалығынан іс бастай алмай жүрген 94 азаматтың бизнес жоспары мақұлданып, 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы берілді. «Ақниет» бағдарламасы бойынша пайызсыз әрі қайтарымсыз үлестірілген қаражатқа Қармақшы, Жалағаш пен Сырдария ауданының тұрғындары қол жеткізді. Бай­қауға мүмкіндігі шектеулі жандар, жал­ғызбасты аналар, көпбалалы және тұр­мысы төмен отбасылар мен 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар қатысқан болатын.  Аймақ басшысы жеңімпаздарды құттықтап, оларға сертификаттар табыстады.

 «Облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Қайтарымсыз несие - ауылдық жерде кәсіп бастауға үлкен көмек. Сондықтан ауылдың әл-ауқатын көтеру арқылы біз өңірдің әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсартпақпыз.Кәсіпкерлер – елдің тірегі. Сіздерге жағдай жасау – біздің міндетіміз. Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, елде экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз», - деді облыс әкімі.

 "Ақниет" бағдарламасының Қызылордада жүзеге асып жатқанына биыл үшінші жыл.  Осыған дейін бағдарлама аясында 2 жылда 200-дей азамат өз кәсібін ашқан.Қазіргі таңда олардың дені халыққа шаштараз, наубайхана, балабақша, жиһаз және кондитер цехы, дәріханалар, тіс емдеу кабинеттері, балаларды сауықтыру орталығы,

компьютерлік орталық, тігін цехы секілді қажетті қызмет түрлерін көрсетуде.

Сұхбат

PhotoRoom