Жаңа оқу жылына дайындық – басты назарда

Аймақ
12.08.2015, 19:00

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов алғашқы жұмыс сапарында Шымкент қаласында күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар мектептердегі жұмыс барысымен танысты.

Облыста биылғы жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен 104 білім нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде жыл аяғына дейін 67 білім мекемесінің құрылысын аяқтау жоспарланып, бүгінге дейін 37 нысан іске қосылған. Пайдалануға берілген жаңа нысандардың ішінде ғимараты апатты деп танылған 19 мектептің де құрылысы аяқталып отыр. Жыл соңына дейін осы санаттағы тағы 10 мектептің құрылысын бітіру жоспарланған. Қалған 27 апатты мектептің мәселесі 2017 жылға дейін кезең-кезеңімен шешілмек. Сонымен қатар, биылғы жылы 100 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Білім мекемелерінің жөндеу жұмыстарын облыс аумағында 25 тамызға дейін аяқтау жоспарда бар.

Жаңа оқу жылы қарсаңында білім мекемелерінің дайындығын пысықтауды мақсат еткен облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Шымкенттегі Б.Момышұлы атындағы №44  және Қазыбек би атындағы №36 орта мектептеріндегі жөндеу жұмыстарымен, Сайрам елді мекеніндегі 1200 орындық орта мектептің құрылысымен танысты.

Білім ошақтарының алдағы оқу жылына дайындығын қадағалаған облыс басшылығы мердігерлерден жоспарланған жұмыстарды өз мерзімінде аяқтауды талап етті. Құрылыс барысында қолданылып жатқан құрылыс материалдары сапалы болуы керектігін, мектеп аулаларының көріктендірілуі де үнемі назарда болуы қажеттілігін ескертті. Әлеуметтік нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажетті жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуде ғимараттардың жылу жүйелерін жылыту маусымында іс-жүзінде қадағалау мәселесі мен мектеп іргесіндегі жер учаскелерін суғару жүйесін орнату талаптарын ескеруді жүктеді.

Жұмыс сапары қорытындысында білім ошақтарындағы атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалаған Бейбіт Атамқұлов мектептерде балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы керектігіне көңіл бөліп, облыс әкімдігі алдағы уақытта да саманнан салынған мектептердің орнына заманауи білім ошақтарын салу жөнінде нақтылы шараларды атқарады деді.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі

Сұхбат

PhotoRoom