Конституция үшін тәулігіне 20 сағаттан жұмыс атқарылған

Сұхбат
28.08.2015, 20:15

Тәуелсіздіктің тұғырын анықтайтын, елдің егемендігі мен тұтастығын көрсететін басты құжат ол – Конституция. Ата Заң - біздің өмір сүру салтымызды, адами қарым-қатынасымызды, жалпы ҚР азаматтарының қоғамдағы орынын анықтап, тасқа таңба басқандай жазып берген  ресми, баға жетпес  құжат.

Кез-келген тәуелсіз мемлекет өзінің алғашқы қадамын ресми рәміздерді, конституциялық декларацияны   бекітуден  бастайтыны аян. Дегенмен, біздің бүгінгі қолданыстағы Ата заңымыз тек 1995 жылы қабылданды. Ал, төрт жыл бойы біз қандай конституция, қандай заңмен жүрдік?!

«Тәуелсіздік алғаннан кейін бізде қабылданған бірнеше маңызды құжаттар бар. Солардың бірі -  біздің  елді тәуелсіз деп әлемге танытқан заңды құжат. 1990 жылы 25 қазандағы Қазақ ССР-нің мемлекеттілігі туралы декларациясы  «кіші конституция» деп аталуға әбден лайық» деп әңгімесін бастады ҚР Констиуциялық кеңесінің мүшесі, саналы ғұмырын құқық саласына арнаған білікті маман, заң ғылымдарының докторы Ілияс Бақтыбаев мырза.

«Одан кейінгі 1993 жылғы конституция өте маңызды өз рөлін атқарды. Осы құжатта біздің мемлекетіміздің жан-жақты сипаттамалары көрініп отырды. Халықтың егемендігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, биліктің бөліну қағидаттары, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде тануы, президентті мемлекеттің басшысы деп тануы, міне осының барлығы 1993 жылғы конституцияда көрсетілді» деді Ілияс Жақыпбекұлы.

Дегенмен, 1993 жылғы конституцияда сол кеңес одағының қолтаңбасы, «сіңіп» кеткен жүйесі көрініп-ақ тұр еді. Және егемен ел болып жарытып іс жасауға үлкен кедергісін тигізді.

Ілияс Бақтыбаев:«Расында бұл конституцияның осал тұстары көп болды. Және демократиялық қоғам құруға өз баптары өзіне қарсы келгендей еді. Және көптеген баптардың түсініктемесі, тарқатып айтылған анықтамасы болмағандықтан  парламент пен үкіметтің арасында қарама-қайшылықтар жиі болып тұрды».

1994 жылдың аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білікті заңгерлерден тұратын жұмыс тобын жинап:  «...Бізге  жаңа конституция қажет. Егер, біз бұл жұмысқа қазір кіріспесек, ертең тәуелсіздікті, мемлекетті жоғалтып аламыз» деп турасын айтқан екен. Ол кезде 1995 жылы ел тарихын түбегейлі өзгертетін құжаттың болатынын тек санаулы жандар білген. Жұмыс тобы 18-20 сағат еңбек етіп, нәтижесінде 30 тамызда 1995 жылы жалпы халықтық референдумда бүгінгі конституциямыз қабылданады.

Бүгінде Тұңғыш Президент музейінде  Елбасының сол бір конституция қабылдар жылдары жұмыс жасаған қойын дәптерлері көпшілік назарына  қойылған. Соған қарап-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ата заңымыздағы әрбір сөзге мән бергенін байқай аламыз. Тіпті, заң құжаттарының көбісі техникалық, түсініксіз  термин тілімен жазылатынын тәжірибеде көріп жүрсек,  біздің Конституцияны мектеп жасындағы баладан, еңкейген қарияға дейін ұғынықты етіп ұсынған. Ресми деректерге сүйенсек, президентіміз Ата заңның әрбір сөзіне, әрбір бабына қатал сынмен қараған екен. Тіпті, жазылған бөлімді оқып, «сенбеймін, ал дәлелдеңдер дұрыстығын» деп табандылық танытып, сүзгіден өткізген екен әрбір сөзді.

Айта кету керек, өткен 20 жылдың ішінде Ата заңымызға түбегейлі, күрделі өзгерістер еңгізілген жоқ. Бұл да конституцияның заманға, ұзақ мерзімді стратегияға сай болып жазылғаның, құрастырған мамандардың көрегендігі мен біліктілігің айқындайды.

Біздің конституциямыз Франция мемлекеттінің конституциялық декларациясына өте ұқсас деген пікірді жиі айтады заңгерлер. 1994-95 жылдары Констиуциялық жұмыс тобында сол бір отандық білікті мамандармен қатар, шет елдік сарапшыларда болғаны аян. Бірақ, не себепті, Франция мемлекітінің конституциясы үлгі ретінде таңдалып алынды?         «Елбасымыз конституцияны жазу жұмысы барысында 20 астам мемлекеттердің заңдарын оқып, керекті жерлерін қағазға түсіріп, танысып, сол мемлекеттердің басшыларымен, сарапшыларымен  кездесіп, кеңесіп отырған. Франция республикасының конституциясы толығымен бізге сәйкес келмейді. Бірақ, Франциядан алған жерлеріміз бар. Мысалы, дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттерде конституциялық сот болса, бізде конституциялық кеңес құрылды. Бұл – осы Франция мемлекетінен үлгі ретінде алынды» деп өз пікірін білдірді Ілияс Бақтыбаев  мырза.

«Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеу»...Бұл  Елбасының сөзі.

Дей тұрғанымен демократиялық, құқықтық мемлекет бола тұра, осы конституция, заңға келгенде құқықтық сауатымыздан ақсайтынымыз жасырын емес. Тіпті, жұмысқа тұрарда өз құқығымызды білмей, «қазақылыққа» басып, заңды растайтын құжатқа қол қоймай, еңбек терімізбен келген айлығымызға жете алмай жүргеніміз қаншама. «Дала заңы», «жазылмаған  заң» деген ұғымдар кешегінің елесі, бүгінгі қоғам қағазға ұқыптылықты, заңға сауаттылықты, ортаға бейімділікті қажет етеді. Өз құқығымызды біліп, оны қорғай білу – заманның талабы. Ата заңымыздың 20 жылдығы құтты болсын!

Жанар Көбекбай

Сұхбат

PhotoRoom