Аядай Үрімжі алып Қытайдың алқымынан алып тұр...

Сараптама
13.05.2014, 12:47

Батыс пен шығысымызда жатқан әлемдік державалардың қас-қабағын бағып күнелту маңдайымызға жазылған. «Көршіңді таңдамайсың, Құдайдан бұйырады» дегендей амалдап күн кешуге тура келеді. Алайда, несін жасырайық, Ресей құрамындағы, Қытай ішіндегі түркі елдерінің болашағы туралы ойланатындар аз емес. Бейбіт күнде Украина жеріне қол салып, бөлшектеп тастаған Ресей башқұрт пен татарға егемендік бере қойсын ба? Тағы бір болжамдарға сенсек, Ресей де, Қытай да ыдырап, ұсақ ұлттардың елдігі баянды болмақ...

 Аспан асты елінде болып, ішкі қайшылықтарды қағазға түсірген SAIGEZ шолушысы Мұхммеддин Ілесбектегінің шолуын ұсынып отырмыз.

 Жұмыс бабымен мамыр айының алғашқы онкүндігін Қытайдың Үрімжі қаласында өткіздік. ҚХР-ның Шыңжаң-Ұйғыр автономды округіне қарасты Үрімжі қаласы әуелден Қытайдың ірі сауда-саттық орталықтарының бірі екені белгілі. Тянь-Шань тауының солтүстік баурайында орналасқан қаланың ірі сауда орталығына айналуына Орта Азия елдері мен Ресейлік кәсіпкерлер мен саудагерлердің әсері мол болған. Бұл үрдіс қазір де дәстүрден ауытқымаған. Соның бір дәлелі қытайлық кәсіпкерлердің Орта Азия елдерінің және орыс тілін меңгере бастағандығы (ауызекі болса да), шетелдік саудагерлерді құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алғыш пиғылы көзге ұрып-ақ тұр.

Бірақ, айтайын дегеніміз қаладағы өркендеген текстиль интустриясы мен инфрақұрылымы, сауда әлеуеті мен мәдени-тарихи келбеті емес. Қауіп пен қатерге толы бүгінгі Үрімжінің демін ішіне тартқан үрейлі күйі...

Осы уақытқа дейін Қытайдың бірнеше ірі қалаларында, соңғысы биылғы 30 сәуірде Үрімжінің теміржол вокзалында болған террорлық әрекеттердің астарында ызаға булыққан ұлтшылдық пен діни төзімсіздік жатыр деп айтуға әбден болатынын пайымдадық. Бұл бүгін ғана пайда болған үрдіс емес-ті. Қытай алып ел болғанымен біршама уақыттан бері беймаза күй сыйлап, бейбіт күнде тынышын алған ұйғыр мәселесі асқынған аурудай сыздап тұр. Ақсүйек қытай азаматтарының ұйғыр халқы тығыз қоныстанған түкпірдегі елді мекендерге баруға жүректері дауаламай тұратын секемшілдік «дерттің» пайда бола бастағанына да көз жеткіздік. Үрімжі қаласының танымал қытай ғалымдарымен Ежелгі Тұрфанға жасаған арнайы сапарымыз осындай ойға келуге мәжбүр еткенін несіне жасырайық.

Одан арғы сапарымызды 99 пайыз ұйғыр халқы орналасқан Қашқарға жасау туралы ұсынысымыз жауапсыз қалып та жатты... Алыпқа да жан керек сірә. Ұйғыр жұмhұриятының кеудесіне жиналған ыза тым ызғарлы, кек тым терең екен. Біз әңгімеге тартқан ұйғыр азаматының: «Қазір Үрімжіде қатты дауыл соқса, Қытай билігі мұны да ұйғыр халқы ұйымдастырды деп айтудан тайсалмайды» деді.

Қаланың әрбір көше қиылысында тәулік бойы тапжылмай тұрған танкілер мен қарулы әскер, барлық көшелерде жүз метр сайын орнатылған бейне бақылау камералары қытай билігінің ұйғыр мәселесін басты назарға алғандығын көрсетті. Бұл көрініс шеттен келген жолаушыға аздап қорқыныш туғызғанымен жергілікті жұрттың бұған да көзі үйренген. Өзге елдер арасындағы саяси ойындардан бойын аулақ салып, маңғаздық танытып жатқан көрші ел өз дертінің қаншалықты асқынғанын жақсы түсінеді. Қытай ұйғыр мәселесі мен діни терроризмді егіз ұғым ретінде қарастырады.

Әсте діни төзімсіздік Қытайдың ғана емес бүкіл әлемнің негізгі мәселесіне айналғалы қашан. Айтайын дегеніміз аспан асты елі де бұл ғаламдық проблемадан айналып өте алмайтындығы мен азғантай ұлттың алып елдің алқымынан алып тұрған ызалы күйі болатын...

Бар жоғы он күннің ішінде қытайлық ғалымдармен болған пікір алмасу мен көзбен көрген, көңілге түйген кейбір жайлардан осындай ой түйіп қайттық.

Сұхбат

PhotoRoom