Елбасы Оңтүстік өңірінде

Жаңалықтар
16.05.2014, 10:50

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Өңірімізге жасайтын сапары барысында Мемлекет басшысы облыстағы бірқатар нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Елбасы алдымен Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылдық округінде орналасқан сәндік ағаштардың көшеттері мен көкөніс дақылдарының тұқымдарын өндіретін бірлескен Қазақстандық-Корея кәсіпорнының жұмысымен танысты, облыстағы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен және Сарыағаш ауданы тұрғындарымен кездесті.

Жер көлемі – 60 гектарды құрайтын бірлескен кәсіпорын 27 гектарға сәндік ағаш көшеттерін, 33 гектарға көкөністің тұқымдық сұрыптарын отырғызған. Аталған жобаға 5 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Бүгінге дейін 1,5 млн. АҚШ доллары тартылды. Кәсіпорында 50 адам тұрақты, 200 адам маусымдық жұмыс атқарады.

Мұнда сәндік ағаштардың 10 түрі бойынша 180,0 мың түп ағаш көшеттері (метасеквоя, катальпа, мепул, корей қарағашы, туя, жапон багряннигі, жапон софорасы,, қарағай, ясень, арша) отырғызылған. Бұл ағаштар суыққа, құрғақшылыққа төзімділігімен, өміршеңдігімен ерекшеленеді.

Алдағы уақытта сәндік ағаштардың емен, жабайы лимон, маклура, сальто, сандра, ива, клен секілді 7 түрін отырғызу жоспарлануда.

Тұқымдық егісте көкөністің қырыққабат, салат, қияр, кәді секілді 11 сорты егілген. Корейлік көкөністің бұл тұқымдары тез жетіліп, жоғары өнім береді. Бірлескен кәсіпорын алдағы уақытта пияз, сәбіз тұқымдарын өндіруді және оған қажетті тұқым тазалау техникаларымен қамтамасыз етуді жоспарлауда. Келешекте бұл тұқым шаруашылығы облыстың сұранысын толық қамтамасыз етіп, қалған өңірлерге, экспортқа да өнімдерін шығаратын болады.

Сондай-ақ, Елбасы Шымкент қаласының «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында» орналасқан «Бал текстиль» ЖШС-нің кілем және кілем бұйымдарын шығаратын фабрикасының жұмысымен танысты. Құны 8,4 млрд. тг. құрайтын фабрика жылына 15 млн.м2 кілем және кілем бұйымдарын өндіреді. Жоба бойынша 4 кезеңнен тұратын 26 желіні іске қосу әрі 700 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

2013 жылғы желтоқсанда өндіріс кешенінің I кезеңі жүзеге асып, құны 1,7 млрд.тг болатын 6 желі іске қосылды. 100 жаңа жұмыс орны ашылды.

Биылғы жылдың II жартыжылдығында іске асатын II кезеңінде кәсіпорынның 26 желісін шикізатпен қамтамасыз ететін жіп иіру фабрикасы іске қосылып, 150 жұмыс орны ашылмақ. Бұл кезеңнің құны 750,0 млн.тг. құрап отыр.

2015-16 жылдары құны 6,0 млрд. теңгелік 20 желі іске қосылады. Соның нәтижесінде қосымша 360 жұмыс орны ашылады.

Фабрика елімізде теңдессіз белгиялық «Wanderwiil» компаниясының жабдықтарымен жұмыс істеп, толық қуаттылығына шыққан сәтте республика нарығының 60%-ын қамтитын болады және экспортқа 1-2 млн. м2 кілем және кілем бұйымдарын шығаруға мүмкіндік алмақ.

Мемлекет басшысы cондай-ақ, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында ауысымда 500 адамды қабылдайтын №3 Шымкент қалалық емханасының жұмысымен танысты. Емхана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынып, өткен жылы пайдалануға берілген.

Медициналық мекеме Шымкент қаласының қарқынды өсіп келе жатқан «Отырар», «Нұрсәт», «Айқап», «Түркістан», «Тараз» шағынаудандарының 36 951 тұрғынына қызмет көрсетеді. Мұнда 220 дәрігер мен орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді.

Емхана заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен, атап айтқанда, сәулелік, маммографиялық, функционалдық, эндоскопиялық, биохимиялық, иммунологиялық диагностикамен қамтылған.

Облыста денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударылып келеді. Соңғы 5 жылда 264 жаңа медициналық нысан салынып, ел игілігіне берілсе, биылғы жылдың өзінде 65 медициналық нысанның құрылысы басталды, оның 53-і облыс бюджеті есебінен тұрғызылуда.

Жұмыс сапарының соңында Елбасы Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында салынған «Көрме орталығында» ұйымдастырылатын «Өңірлік тауарлар көрмесіне» қатысып, кәсіпкерлермен кездесуде.

Көрмеде облыстың 66 өнеркәсіп кәсіпорыны өз тауарларын тұтынушыларға ұсынады. Мұнда фармацевтика, азық-түлік, тоқыма, тігін, құрылыс материалдары, машина жасау, мұнай өңдеу, резина және пластмасса, жиһаз, химия салаларын қамтитын кәсіпорындардың өнімдері қойылған. Көрмеге қатысатын 33 кәсіпорын мемлекеттік ҮИИД бағдарламасы аясында іске қосылған. Бұлар әлемдік стандарттар мен алдыңғы қатарлы технологиялар бойынша тауар өндіріп, республикамызда теңдесі жоқ импорталмастыратын кәсіпорындар санатына енеді.

Жалпы, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарымен 2013 жылы 552,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 55,2 млрд. тг. артты, өсу қарқыны 11,1%-ды құрады.

Шараға орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, республикадағы ірі кәсіпорындардың, басқа облыстардың құрылыс, ауылшаруашылық, энергетика, кәсіпкерлік басқармаларының өкілдері қатысады.

Мемлекет басшысының кәсіпкерлермен кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасады.

(Ақпар үшін: «Көрме орталығы» 2013 жылы ашылған. Аумағы 2000 мың м2 құрайды. Орталық заманауи жабдықтармен жасақталып, түрлі халықаралық деңгейдегі іс-шаралар мен көрмелер, бизнес-форумдар және жәрменкелер өткізуге арналған. Мұнда түрлі көрмелер мен экпозицияларды ашық алаңда өткізуге де мүмкіндік бар. Бүгінге дейін осы нысанда «Shymkent agro-2013» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі, Қазақстан-Өзбекстан корпорациялық биржасы, ОҚО инвестициялық жобаларының тұсаукесері т.с.с. ауқымды шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.

Берік Уәлидің жеке парақшасынан

Сұхбат

PhotoRoom