ШЫҰ елдері экономикалық мәселелерді талқылады

Жаңалықтар
17.09.2015, 15:01

Қытайдың Шэньси өлкесіне қарасты Сиань қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы экономикалық және сыртқы сауда қызметтеріне жауап беретін министрлерінің 14-ші кеңесі өтті.

Шараға қатысушылар ШЫҰ аясындағы өңірлік экономикалық ынтымақтастықты одан ары дамыту және тереңдетудің кең ауқымды мәселелерін, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының жүзеге асырылу барысын, 2012-2016 жылдар кезеңіне арналған ШЫҰ аясындағы жобалық қызметтерді одан ары дамытудың іс-шаралар тізбесін, сонымен қатар 2014-2015 жылдардағы ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің қызметі жайындағы баяндаманы қарастырды.

Сонымен қатар ҚХР-дың «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құру туралы бастамасы қолдау тапты және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы экономикалық және сыртқы сауда қызметтеріне жауап беретін министрліктері арасындағы консультациялар мен ақпарат алмасуларды жолға қоюға дайын екендігі айтылды.

Арнайы жұмыс тобына ШЫҰ аясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша олардың қызметтерін жандару бағытында тапсырма берілді. Қазақстан Республикасының төрағалығымен сауданы жеңілдету жөніндегі арнайы жұмыс тобын құру шешімі қабылданды.

ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының ережелерін және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын ескере отырып, 2017-2021 жылдар кезеңіне арналған ШЫҰ аясындағы жобалық қызметтерді одан ары дамыту бойынша іс-шаралар тізбесі жобасын келісу жұмыстары жалғасатын болады.

Министрлер кеңесінің қорытындысында хаттамаға қол қойылды. Шараға Қазақстанның ШЫҰ хатшылығы жанындағы тұрақты өкілі Ерік Әшімов, Қытайдың Коммерция министрі Гао Хучэн, Қырғызстан Экономика министрінің орынбасары  Данияр Иманалиев, Ресей Экономикалық даму министрінің орынбасары Александр Цыбульский, Тәжікстанның Экономикалық даму және сауда министрі Неъматулло Хикматуллозода, Өзбекстанның Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестиция және сауда министрінің орынбасары Шавкат Туляганов, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Азиз Носиров, ШЫҰ Іскерлік кеңесінің атқарушы хатшысы Сергей Канавский, ШЫҰ Банкаралық бірлестігі кеңесінің өкілетті өкілі Александр Сушко, сонымен қатар байқаушы мемлекеттердің (Ауғанстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістан), сұхбаттастық бойынша серіктестердің (Әзербайжан, Армения, Камбоджа және Непал) сыртқы экономикалық және сыртқы сауда қызметтеріне жауап беретін министрліктерінің өкілдері, қабылдаушы тараптың қонақтары қатысты.

Қазақпарат

Тегтер:
экономика ШЫҰ

Сұхбат

PhotoRoom