Қала әкімдерінің рейтингі — SAIGEZ.KZ (1 қараша, 2015ж)

Рейтинг
02.11.2015, 00:00

SAIGEZ.KZ сайтының дәстүрлі жобасы аясында ай сайынғы қалаәкімдерінің рейтингі анықталып, «Үздік төрттік», «Ортаңғол бестік» және «Бес аутсайдер» топтарындағы тиісті орындарына орналастырды.  

Бір айта кетерлігі қыркүйекте Қостанай қаласындағы кадрлық көзгеріс, қазан айында Ақтөбеде де болды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың 27 қазандағы өкімімен Сағын Бекбол Үбайдоллаұлы Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Ал өткен айдағы рейтингте «Ортаңғол бестік» тобын бастаған Омаров Ерхан Болатжанұлы басқа жұмысқа ауысуымен байланысты Ақтөбе қаласының әкімі қызметінен босатылды. Сондықтан бұл жолы Ақтөбе қаласының әкімдігі қатыстырылмады. Бекбол Сағын – жасы  43-тегі жас саясаткер. Қараша айы бойынша жасалатын, желтоқсанның басында жарияланатын рейтингке қатыстырылады.

Жалпы алғанда қала басшылары қарқындарын төмендетпеді. Кейбір облыс орталықтары алғашқы жауған қармен әуре болып, жылу және тағы басқа мәселелермен бетпе бет келді. Өткен айдағыдай еліміздегі кейбір облыс орталықтары қала күні мерекесін атап өтті. Алғашқы екі рейтингпен салыстырғанда осы жолғы тізімде айтарлықтай өзгерістер бар. Тұрақты сарапшыларымыздың дәлелі мен әкімдердің орындарын төмендегі мәліметтерден білесіздер.

ҮЗДІК ТӨРТТІК

IMG_2880

1. Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы, Шымкент қаласы

Қазан айында Шымкент қаласы бүкіл ел назарында болды. Рет-ретімен айтар болсақ, облыс орталығы «Қала күні» мерекесін жоғары деңгейде өткізді. Әбдірахымов барлығын тазалықтан бастады. Алдымен аймақ әкімімен бірге сенбілікке шықты. Олар жастарға қосылып Бекет батыр көшесінде 50 түп сәндік ағаш көшетін отырғызды. Тазылық жұмыстары 59 көше мен 6 саябаққа жүргізілген. Қоғамдық жұмыстардан бөлек қала әкімі саяси шешімдер де қабылдады. Атап айтқанда оның орынбасары болып Нұралхан Көшеров тағайындалды. Әбдірахымов қаладағы ретсіз сауда мен базарларды жойып, заман талабына сай сауда орындары мен алып дүкендерді салу керектігін айтып, жоспары бойынша 2017 жылдан бастап ірі базарлардың бәрі қала сыртында болатынын жеткізді. Шымкентте инновациялық университет салынатыны туралы да осы айда әкімнің қатысуымен өткен жиында хабарланды. Қыркүйекте оқушылармен кездескен қала әкімі балалар қылмысын болдырмау туралы нақты іске көшкен сияқты. Мектеп оқушыларына «Қылмыссыз жарқын болашақ» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізіле бастады. Осы айда қала күні қарсаңында 320 орындық жаңа балабақша, жаңа кондитер фабрикасы ашылды. Тұрғындар қала күнін бір аптадан бері кең көлемде атап өтті. 10-17 қазан күндері аралығында өткен мерекелік шаралардың әр күні арнайы тақырыпта өткізілді. Қала күні қарсаңында Шымкенттің келбеті өзгерді дейді сарапшылар. Қазан айының өзінде бірнеше ескерткіш пен қалаға әр беретін жаңа дүниелер халық игілігіне берілді. Айтпақшы, Шымкент қаласы əкімдігі елімізде алғаш рет ғимарат кіреберісінен "Reception" ашты. Әкімшілікке келген қала тұрғындарына күзет емес, арнайы анықтама қызметі жұмыс жасап,кез келген сауалдарына жауап береді. Осылардың бәрін сараптай келе, сарапшыларымыз Ғ. Әбдірахымовты тағы да лидер деп танып отыр.

2. Көлгінов Алтай Сейдірұлы, Орал қаласы

Алтай кульгинов

Орал шағын қала болса да тазалық жағынан алдыңғы қатардағы шаһарлардың бірі. Қауіпсіздік мәселесі де күшейтіліп жатыр дейді жергілікті белсенділер. БҚО жеріндегі жалпы еңбек өтілі 4 жылға таяған Алтай Көлгінов мегажобаларының дені аяқталып келеді. Шаһарда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы жанында, 5-інші және 7-шағынаудандар аралығында орналасқан жаңа алаң қарқынды салынып жатыр. Құрылыс барысына барып, танысып қана қоймай, қолғабыс тигізіп қайтқан А. Көлгіновтің айтуынша, өңірлерді дамыту бағдарламасына және қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жоба құны - 1,483 млрд. теңге. Құрылысы өткен жылы басталған жаңа алаңдағы жұмыстар 85 пайызға орындалған. Мұнда су атқанда, түрлі-түсті түске бөленетін ауқымды субұрқақтар, 4 ротонда, басқа да көрікті орындар болады. Жаңа алаңды алдағы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып. Абаттандырылатын аумақ көлемі 7 гектардан асады, ол үш бөлікке бөлінген. Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық жанында театр-ойын-сауық, екіншісінде ресми шаралар өтетін көп деңгейлі әкімшілік, үшіншісінде саябақ алаңы орналаспақ. Жаңа алаң гүлзарлар, әдемі тал-теректермен көмкеріледі.

Қазан айынан бастап қала көшелеріндегі билбордтар тек қана әлеуметтік мәселелерге арналып отыр. Орал қаласында 7,67 км электр желілері қайта құрылды. Біраз уақыт әуе рейсін қабылдай алмаған Орал әуежайының уақытынан бұрын ашылуы сияқты жаңалықтар Алтай Көлгіновтің екінші сатыға көтерілуіне ықпал етсе керек. Бұған дейінгі рейтингтерде де үздіктер қатарынан түсіп көрмеген қала басшысы жұмысын ешқандай пиарсыз-ақ атқара беретіні белгілі. Қазан айының соңында Көлгінов дабыра қылмай қаладағы қоғамдық көліктермен Оралды аралап шыққан. Кемшіліктерді өзі теріп шықты. Әкімді көп ешкім аңғармай да қалған. Айтпақшы ол қаладағы қоғамдық көліктердің ішіндегі ескі әрі тар автобустар қолданыстан алынатындығын мәлімдеді.

3. Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы, Қызылорда қаласы

IMG_0148 копия

Қызылорда қаласына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарлап баруы шаһар әкімінің рейтингіне де оң әсерін беріп отыр. Мемлекет басшысы сапары аясында облыс орталығында орналасқан нысандарды аралады. Н. Нәлібаевқа осы айда басқа емес, Президенттің жанында жүріп, барын көрсетуіне мүмкіндік туды. Елбасы Арай-2 мөлтек ауданында салынған жаңа көпқабатты тұрғын үйде болып, қоныс иелерімен кездесті. Мемлекет басшысынан кейін Қызылорда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовті қабылдап, билік партиясы басшылығының да жоғары бағасын алды.

Қызылорда қаласында соңғы 4 жылда 1460 пәтер пайдалануға берілсе, биылдың өзінде 2652 пәтердің құрылысы салынуда.  Сондай-ақ, қалаға көрік беретін жаңа мешіт ашылып, жаңа ипподром пайдалануға берілді.

10-қыркүйек – 10-қараша аралығы сенбілік айлығы жарияланғалы қалада тазалық жұмыстары ретке келтірілді. Осы уақытқа дейінгі сенбіліктердің нәтижесі – 27 мың 180 метр арық жүйелері тазаланып, шамамен 457 м3 текше метр қоқыс шығарылуы. Сарапшылар өткен айда 4-орынға сырғып кеткен Н. Нәлібаевтың осы айдағы орны – үшінші саты деп қорытындылады.

4. Алпысов Ермек Амантайұлы, Талдықорған қаласы

Ермек Алпысов

«Үздік төрттік» тобынан түсіп көрмеген Е. Алпысовтың өткен айдағы көрсеткіші аса жоғары болған еді. Оның бұл айда да атқарған жұмысы аз емес. Сондықтан да шығар, сарапшыларымыз Алпысовты әлі де лидерлер қатарынан көргісі келетінін жасырмады. Сарапшылардың дәйектеріне келер болсақ, Талдықорған қаласы да сенбілік шараларына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Осы айда қала әкімі облыс басшысымен бірлесіп, үлкен екі бірдей (600 орын) балабақша ашты. Сондай-ақ облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Талдықорғанда 60 жетім балаға пәтер кілті табысталды. Қала басшысы осы айда шаһардағы маршруттық автобустардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, тез арада автопаркті тәртіпке келтіруді тапсырды. Е. Алпысов айдың ортасында кемшіліктердің бәрі 25 қазанға дейін жойылып, автобустардың қыс мезгіліне дайын болу қажеттігін ертерек ескертіп қойған болатын.

Бұдан бөлек ғарышкер Айдын Айымбетовты туған жері ретінде жылы қабылдады. Су жаңа "Халық Қаһарманы" Талдықорған қаласының құрметті азаматы да атанды. Қала әкімі Айымбетовке көлік кілтін табыстады.

ОРТАҢҒОЛ БЕСТІК

5. Календеров Нұржан Сәбитұлы, Тараз қаласы

календеров Нуржан

Қазақ Хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде өткізген Тараз қаласының әкімі бұл жолы 4 сатыға бірден жоғарылап отыр. Тараз қаласы өткен айда түлеп сала берді дейді, тойға қатысып қайтқан сарапшыларымыздың бір тобы. Тарихи, саяси мән маңызы жоғары монумент, ескерткіштер,  Құран кітабы бейнеленген мешіт ашылды. Облыс орталығы күні кеше әлеуметтік маңызы жоғары денсаулық сақтау нысанымен толықты. Заманауи перинаталды орталық – 200 орындық. Сарапшыларымыз Календеровтың еңбегін жоғары бағалап, «Ортаңғол бестіктің» көшбасшысы деп таныды.

6. Бакауов Болат Жұмабекұлы, Павлодар қаласы

Болат Бакауов

Павлодар қаласының әкімі қазан айында өзге әріптестерінен ерекшеленді дейді сарапшыларымыз. Тек қаланың күнделікті тірлігімен шектелмей, халықаралық байланыс мәселесіне де ден қойды. Атап айтар болсақ, Ресейдің Омск қаласы мен Павлодар бауырлас қалалар атанды. Осылайша Омск басшысы Вячеслав Двораковский мен Болат Бакауов өзара құжат бекітті. Айта кету керек, аталған қалалар арасындағы бауырластық туралы алғашқы құжат сонау 2007 жылы рәсімделген екен. Бакауов қарым-қатынасты жаңа сапаға шығаруға ат салысып отыр дейді эксперттер қауымы.

7. Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлы, Атырау қаласы

Нурлыбек Ожаев

Н. Ожаев өткен аймен салыстырғанда 1 сатыға, ал қыркүйектен бері жалпы рейтингте 4 саты жоғарылаған. Себебі Атырау қаласында көп өзгерістер боп жатыр дейді жергілікті белсенділер. Мысалы қала ішінде велосипед спортына көңіл бөлу мақсатында бірінші рет арнайы жол жасалды. «Қаладан әуежайға қарай баратын автотрасса мен Әбілқайыр хан даңғылына параллель салынған велосипедшілерге арналған жолдың жалпы ұзындығы – 4,6 шақырым. Асфальтталған жабындының жалпы аумағы – 23,5 мың шаршы метр. Сонымен қатар, күннен қуат алатын, көшені жарықтандыруға арналған 113 шам қойылған. Қалалық әкімшіліктің спортты дамытуға күш салып жатқаны сарапшыларымыздың жоғары балл қоюына себеп болып отыр. Ожаевтың рейтингтегі жағдайы бұдан да жақсы болар ма еді, егер де қоғамдық көлікте жол жүру құны қымбаттамағанда... Атырауда азаматтардың сұранысына ие үш бағытта жүретін автобус билетінің құны 50 теңгеден 100 теңгеге дейін қымбаттады. Атыраулық тасымалдаушылар басында қала ішінде жүру билетінің құнын 50 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынған болатын.

8. Қасымжанов Темірбек Жұмақұлұлы, Өскемен қаласы

Темирбек касымжанов

Биыл ШҚО Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастықты арттырып отыр. 5 инвестициялық жоба бойынша аймақтың инфрақұрылымы жаңартылмақ. 20 млрд теңгелік жоба аясында Өскемен қаласының инфрақұрылымын жаңарту үшін 3,2 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ қалада «ақылды» деп аталатын жаяу жүргіншілер жолы қайта жасалатын боп жатыр.

9. Әубәкіров Нұрлан Ерікбайұлы, Қарағанды

Нұрлан Әубәкіров

Қарағанды қаласындағы жасырын ойын бизнестері әшкереленіп жатыр. Бұл қалада тәртіптің күшейіп келе жатқанын көрсетсе керек. Осы ретте ойын залдарының жабылып, балабақшалар ашылып жатқанын атап өтті сарапшыларымыз. Дегенмен қаладағы зообақтың мәселесі шешілмей келеді.  Н. Әубәкіров бұл айда аутсайдерлер қатарынан көтеріліп отыр. Оның өткен екі айдағы рейтингтегі ең жақсы көрсеткіші 11-орын болатын.

БЕС АУТСАЙДЕР

10. Маржықпаев Ермек Боранбайұлы, Көкшетау

Маржикбаев ермек

Қазан айының басында Көкшетауда  ағартушы-публицист, саяхатшы-географ, этнограф Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті. Қаланың имиджіне оң әсерін тигізетін шараны қала әкімшілігі лайықты деңгейде көрсете алмады деп есептейді сарапшылар. Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесі аясында қала әкімінің кубогына арналған облыстық «Қасиетті домбыра» байқауы ұйымдастырылды. Мұндай шараларды белгілі бір мерекеде ғана емес, облыс орталығында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрғаны дұрыс. Дауыс берген сарапшылар тобы солтүстіктегі идеологиялық мәселелерді үнемі назарда ұстау шарт деп есептейді. Ерте жауған қар қала әкімшілігін де біраз әуреге салды. Дегенмен Е. Маржықпаев өткен айдағы 10-орынды сақтап қалған.

11. Тасмағанбетов Марат Иманбайұлы, Петропавл қаласы

Марат Тасмаганбетов

Қалалық әкімдікке тікелей қатысы болмаса да, Петропавлда маңызды жиындар өткізілді. Мемхатшыны қарсы алды. Жаңа мұз айдыны ашылды. Алматы мен Астанаға жаңа әуе рейстері іске қосылды. Қалалық әкімшілік жыл соңына дейін 238 отбасыға пәтер кілтін табыстаймыз деп отыр. Егер уақытылы беріліп жатса, М. Тасмағанбетовтың де беделі артары сөзсіз. Дегенмен, қалалық әкімдіктің беделіне нұқсан келтіріп отырған жайт қаладағы жабық аялдамалар болып отыр. Жыл басында орнатылған «ақылды аялдамалар» қайта жабылып қалған. Әкімдіктің жоспары бойынша жолаушылар жылы жерде отырып, ғаламтор арқылы өз автобустарының қай жерде келе жатқанын көре алуы тиіс еді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Аялдамалардың әрқайсының құны – 9 миллион теңге. Жыл басында атқамінерлер шахардың әр шетіне осындай 9 аялдама орнатамыз деп соққан. Бірақ онысы екеуден әріге аспады.

12. Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы, Ақтау

Трумов серикбай

Ақтау қаласының әкімі Серікбай Тұрымов қазан айының алғашқы күндері саяси шешім қабылдап, өзінің екі орынбасары мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығын тағайындап алды. Өткен айдағы рейтинг түзілер кезде сарапшыларымыз Ақтаудағы жол-көлік оқиғаларының шамадан тыс жиілеп тұрғанын айтқан болатын. Әзірге нәтиже жоқ. Қазан айында да қоғамдық көліктер соқтығысы, адамдарды қағу фактілері бар. Кішкентай ғана Ақтау қаласында жантүршігерлік оқиғалар тіркеліп жатыр. Сондықтан әкімшілік қаладағы жол қозғалысын ретке келтірмесе болмайды. Ұрлық, төтенше жағдайлар – қазан айында Ақтау қаласында болған оқиғалардың бір парасы ғана. Осы айда ауыз толтырып айтатын жақсы жаңалық болса, ол тұрғындар игілігіне қала әкімшілігінің кестесіне сәйкес лифтілердің пайдалануға берілуі болды дейді сарапшылар тобы.

13. Жақыпов Базыл Шамұханұлы, Қостанай қаласы

Базыл Жакупов

Өткен айда рейтингке қатыстырылмаған Қостанайдың жаңа әкімі рейтинг түзілгенде 1 ғана апта жұмыс істеген болатын. Осы ретте Жақыповты таныстыра кетсек, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов таныстырған жаңа әкім бұған дейін облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары болып жұмыс істеп келген. Осы айда аса көзге түсе қоймаған шаһар басшысы Жақыпов тұрғын үй-комуналдық шаруашылық мәселелерін қарастыратын әкімнің орынбасары міндетін атқарушы лауазымына тағайындалған Теменов Ерлан Олжабайұлын таныстырды.

SAIGEZ.KZ

Сұхбат

PhotoRoom