Өз әлемін іздеген режиссер

Сұхбат
09.11.2015, 14:17

Режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Күркө» фильмін мамандар да, көрермендер де жақсы бағалап жатыр. Туынды Читадағы (Ресей) халықаралық кинофестивальде, Душанбедегі (Тәжікстан) «Дидор» халықаралық кинофестивалінде де арнайы жүлде алды.

 Қазақстан кино сыншылары ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» І киномарафонында «Күркөнің» сценарийі таңдаулы жиырма фильмнің ішінен «Жылдың үздік сценарийі» атанды.Қырғызстандағы Ыстықкөл жағалауында өткен «Авторлық кино кинофорумында» да «Күркө» мамандардың жоғары бағасын алды. Фильм туралы режиссер, сценарист Кенжебек Шайқақовпен аз-кем ой бөлістік.

11041853_1616177975294537_8424520337716258510_o

– Білуімізше, «Күркөнің» идеясы өмірде болған оқиғадан туған сияқты...

– Иә, дәл солай. Қырғыз елімен ауылы аралас, қойы қоралас Жамбыл облысының Қордай ауданында туып-өскен бір азамат ағайынының қойын бағысуға барғанда өз басынан өткен осындай оқиғаны айтып берді. Өзі де майын тамыза әңгімеледі, онысы маған қатты әсер етті. Алайда оның әуелі киносценарийге, сосын көркем дүниеге айналатыны жайды ол кезде мүлде ойланғаным жоқ. Бір күні таныс ре­жиссерге осы оқиғаны айтып беріп едім, ол онша елең қыла қоймады. Бірте-бірте сюжет ойымнан шықпай, менімен «бірге ұйықтап, бірге оянатын» жағдайға жетті. Өз ойымша, осы оқиға дайын кино секілді. Кейін киностудияда бірнеше картинада екінші режиссер болып жұмыс істедім. Өнер академиясын сценарист мамандығы бойынша бітірсем де, дипломдық жұмыстан кейін кинос­це­нарий жазбаппын. 2010 жылы «Қазақ­фильм» киносценарийлерге байқау жариялады. Осы байқауға «Күркөнің» сценарийін арнайы жаздым. Байқаудың ерекшелігі – сценарий авторы көр­сетілмейді, жабық конвертте жасырын ұсынылады. Бір өкініштісі, осы сце­нарийім байқаудан өтіп, үшінші орын иеленіп тұрған жерінен шешімді  өзгертіп жіберіпті. Егер орын алғанда, байқаудың талабы бойынша «Қазақфильм» сценариді түсірілуге жіберетін еді. Сөйтіп, бұл түсірілімнен шеттетіліп қалды.

– Кәдімгідей десіңіз қайтып қалған екен ғой...

– Әрине, өкіндім. «Сценарий жазы­луын жазылды, қалай да түсіру керек» деген ой келді. Оқыған мамандардың жылы пікірі де қатты жігерлендірді. 2013 жылы осы жайды курстас досым Берік Уәлиге айтып едім, ол «қалай да түсіру керек» деп қолдай кетті. Сосын «Аманат» продюсерлік орталығының қаржы­ландыруымен, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы әкімшілігінің қолдаумен, Қазығұрт тауының бау­райында, Сабыр Рақымов ауылында түсірілімді бастап кеттік. Жиырма шақты күннің ішінде фильмді түсіріп бітірдік.

– «Күркөде» өзіңізден не күттіңіз? Нені орындай алдыңыз, нені орындау мүмкін болмады?

– Қашан да алғашқы қадам күдік пен үмітке толы болады. Сондықтан ештеңе күтпедім десем де, күттім десем де, артық болар. Алайда фильмнің жанры арт-хаус болған соң, фестивальдік тағдырына алаңдағаным рас. Жаңа бастаушы режиссер болған соң, кино саласының мамандарының пікірі де маңызды еді. Жылы пікірлер айтылып жатыр. Қуаныштымын. Бірнеше шетелдік кинофестивальден олжалы оралды. Өз қаржыма, аз қаржыға түсірілді. Тәуекел ету оңай болмады. Бірақ түсірілуге тиіс кино секілді көрінді өзіме. Орындалғаны – ойыма алғанды түсірдім, орын­дал­мағаны – мемлекеттің қаржысына түсіру мүмкін болмады. Арт-хаус жанрында түсірілген фильмдердің тағдыры көп жағдайда фестивальдер анықтайды. Білікті мамандар қарапайым көрермен мән бере бермейтін тұстарын, киноның заңдылықтары мен кәсіби түсірілімін талқылайды.

– Алғаш мамандар талқысына салуға жүрексіндіңіз бе?

– Алғашқыда жүрексінгенім рас. Өйткені фильмім түрі де, тілі де ұқсас қазақ пен қырғыздың өмірі туралы болғанмен, бұрын көрмеген елдің өмірін суреттеу, болмысын жасау оңай емес қой. Дегенмен, ә дегеннен жақсы қабыл­данғаны қатты қанаттандырды. Менің ұстанымым – фәлсафалық ой айту емес, кейіпкер тағдырының жетегіне еру. Туындым арқылы адам тағдырына бей-жай қарауға болмайтынын ұқтырғым келді. Меніңше, әрбір адам өзіне жайлы әлемді іздеумен өмір кешеді. Бірі табады, енді бірі адасады. «Күркө» қоғамнан оқшауланған, заманға икемсіз кішкентай адамдардың тағдырын баяндайды. Қазақ пен қырғыз шекарасына күрке тігіп, оны өз әлемдеріне  айналдырған қазақ жігіті Сапар мен қырғыз қызы Айшүректің өмірі, бір қарағанда, қызғылықты сияқты көрінгенмен, екеуінде де мәңгі жауабы табылмайтын сұрақтар өте көп. Бірі арғы беттен, енді бірі бергі жақтан қой бағып шығатын екеуі шекараға тіккен күркеде отырып, өз әлемдерін қалыптастырады, өздері үшін баға жетпес, жайлы мекен табады.

Пікір

Данияр Саламат, режиссер:

    Жазушы Эрнест Хемингуэй әдебиеттегі «айсберг» әдісін ерекше бағалаған. Айсбергтің бестен бір бөлігі ғана су бетінде көрініп тұрады, бірақ оның алапат жаратылысы, тылсым күші, анық болмысы – суастында. Әдебиет те сол сияқты, оның бар қазынасы тереңде жатуға тиіс. Көркемдік тұрғысынан келгенде, Кенжебек туындыгер ретінде осы қажеттілікті терең түсінген. Ол өзінің дебюттік «Күркө» фильмінде әр эпизод, әр кадрға терең астар сіңіре отырып, жоғары деңгейлі дүниені өмірге әкелді. Бұл фильмде аңсар да, қасірет те, қасиет те, сезім де, жалғыздық та, оқшаулану да – бәрі бар. Бірақ сіз оны өз санаңызбен «қазып, аршып» аласыз, режиссер алдыңызға жайып сала салмайды. Әрбір саналы әрекет кейіпкерлерінің көзінде бұғып тұр. Кенжебек қазаққа тән сценаларды эстетикалық жоғары дәрежеге көтере алады. Мысалы, маған фильмдегі шыбын қуу эпизоды қатты ұнады. Жұмбақ басталып, жайдары аяқталады. Жалпы, фильм өзегінде үлкен идея жатыр. Шекара сызығының арасындағы бейтарап жерге екі балғын жас күрке тігіп, өз әлемдерін жасайды. Бұл күрке бүкіл адамзат аңсайтын тыныштық, махаббат, риясыз өмір мекені сияқты. 

"Айқын"

Сұхбат

PhotoRoom