Арқалық әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Жаңалықтар
05.06.2014, 18:49

Қостанай облысы шенеуніктеріне қатысты "Қызметтік жалғандық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды "Наша газета".

Қаржы полициясының мәліметінше, Қостанай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекшісі Әубәкір Тайкешев пен оның бұрынғы орынбасары, 2013 жылдың шілдесінде Арқалық қаласының әкімі болып тағайындалған Ғазиз Бекмұхамедовке қызметтік жалғандық жасады деген күдік келіп отыр.

Іс материалдары 2012 жылы өңірде құрылысы қолға алынбақшы болған газ бөлу желілеріне қатысты. Мемлекеттік сатып алулар нәтижесі бойынша "Жалын-А" ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаудың мердігері атанған. Қаржы полициясының мәліметінше, шенеуніктер жұмыстың орындалғаны туралы актіге қол қойған, алайда жобалық-сметалық құжаттама әлі күнге дейін жасалмаған. Бұл айла-амалдың нәтижесінде мердігердің есепшотына 18 млн теңге заңсыз аударылған.

Қаржы полициясының мәліметінше, еліміздегі әкімдік жетекшілері мен олардың орынбасарлары сыбайлас жемқорлыққа ең бейім шенеуніктер саналады. 2013 жылы лауазымды тұлғаларға қатысты "Қызмет бабын теріс пайдалану" бабы бойынша ең көп қылмыстық іс қозғалған - 114 қылмыс. "Қызметтік жалғандық" бабы бойынша 91 іс қозғалған. 57 шенеунікке пара алды деген күдік келтірілді.

Сұхбат

PhotoRoom