Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрына 60 жыл

Аймақ
17.11.2015, 11:34

Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының 60 жылдығына орай мерекелік шара өтті. Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ қазақ театр өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының алғашқы шымылдығы 1925 жылы осы Қызылорда қаласында түрілген еді. Ал, Сыр өнерінің қара шаңырағы сонау 50-ші жылдардан бастау алады.1955 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ және Қаратал аудандық колхоз-совхоз театры негізінде құрылып, өзінің шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен ашқан еді. Міне, содан бері бұл өнер ошағы талай-талай асулардан өтті.

1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшіріліп, 1967 жылы оған Нартай Бекежанов есімі берілді. 1970-1990 жылдар театрдың кәсіби деңгейі өсіп, өркендеген кезеңі болды. Шығармашылық жетістіктері үшін театр ұжымы Бүкілодақтық венгр драматургиясы (1978), неміс драматургиясы (1980), СССР халықтары драматургиясы (1982) фестивальдарының лауреаты атанды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған  іс-шарада облыс әкімі Қ.Көшербаев театр ұжымын мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар, Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртістері, ерлі-зайыпты Сырым Әбдіразақов пен Ақтолқын Төлеуоваға пәтер кілтін табыстап, театр ұжымына автокөлік тарту етті. Сондай-ақ, мерейтойға орай бір топ актерлар марапатқа ие болды.

- Бүгінгі күні 60 жылдық тарихы бар біздің театр республикамыздағы белді театрлардың бірі де бірегейі болып саналады. Сыр бойының басты өнер ордасы болып табылатын облыстық театрдың материалдық базасын жақсартуға, оның репертуарын жаңа қойылымдармен толықтыруға жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы бөліп келеміз. Сондай-ақ, қосымша штат беріліп, театр жанынан жастар труппасы құрылды. Құрметті сахна майталмандары, театр ұжымы! Сіздерді 60 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймыз. Театрымыздың мәртебесі өсе берсін. Сіздерге шығармашылық табыс, биік жетістіктер мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Театрдың 60 жылдық мерекесі мен осы театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір мен Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері С. Пірмаханның 75 жасқа толып отыр. Осы шараларға орай «Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына – 60 жыл» атты кітап жарыққа шықты. Сонымен қатар, «Алпыста алған «асулар» атты деректі фильмінің тұсаукесері өткізілді. Дәл осы күні театр мұражайының ашылу салтанаты өтті.

Дерек көзі: syrboyi.kz

Сұхбат

PhotoRoom