Қызылордада «Қазіргі заман қаһарманы» Республикалық акциясы өтуде

Аймақ
17.11.2015, 11:51

 Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай Қызылорда облысында республикалық «Қазіргі заман қаһарманы» акциясы өтуде. Қызметтік міндеттерін өтеу барысында жанқиярлық танытып, бейбіт уақытта ерлік жасаған тәртіп сақшылармен кездесіп, ерліктерін дәріптеуге бағытталған акция Жаңақорған, Шиелі аудандарына жасалған іссапардан басталды. Бұл туралы Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі хабаралады.

Кең ауқымды шараға қызметтік міндеттерін өтеу кезінде ерлік танытқан 15 полиция қызметкері мен еліміздің түкпір-түкпірінен 70-ке жуық ішкі істер саласының қызметкерлері, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен Алматы қалалық ІІД-нің ән-би ансамблі келді.

Келген қонақтар 5 күн бойы Қызылорда облысының аудандарын аралап, бірнеше білім шаңырақтарында болып, жастармен кездесу өткізбек. Онда өңірлерден жиналған 15 тәртіп сақшылары бастарынан өткен оқиғаларын, адамдарды құтқару барысында танытқан ерліктерін бейнероликтер арқылы баяндап, жастар назарына ұсынды. Жиналған қауымның сұрақтарына жауап беріп, ағалық ақыл-кеңестерін айтып, патриоттылыққа, өз елін, жерін құрметтеуге шақырады. Кездесу соңында жиналғандар суретке түсіп, мектеп ұжымына ерліктің, қаһармандықтың символы болар – мүсін  сыйға тартты. Шара одан кейін Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің шаңырақтарында болып, сәлем беру рәсімімен жалғасын тапты. Қарт сарбаздар қонақтарға жеңістің қандай қиындықпен келгенін айтып, сұм соғыстың қасіреті жайында сыр шертті. Полиция қызметкерлеріне көрсетіп жатқан құрметтері үшін ризашылығын білдіріп, жас та болса ерен ерлік танытқан тәртіп сақшыларына баталарын берді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары осындай егемендікті, жарқын болашақты сыйлаған соғыс ардагерлерінің ерен еңбегі зор екендігін ерекше атап өтіп, ҚР Ішкі істер министрлігі атынан естелікке бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Ертең, яғни 17 қарашада қонақтар Сырдария ауданында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың білім алған №135 орта мектебіне барып, мектеп ауласында орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, 1 минуттық үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етпек. Туып-өскен шаңырағына барып, ата-анасымен, бауырлары мен балаларымен жүздесу де жоспарда бар. 

 Дәл осындай кездесу жиындары қала мектептерінде де жалғасын табады. Келген қонақтар қала орталығындағы №1, 7, 9, 4, 2, 3, 23, 136, 10, 198, 264, 140, 12, 211, 235 орта білім беру орындарының оқушыларымен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесу ұйымдастырмақ. 

Республикалық акция Н.Бекежанов атындағы драма театрында концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Бейбіт уақытта ерлік көрсеткен 15 полиция қызметкерлері, ІІМ-нің өкілдерін Қызылорда облысы әкімдігі және департамент басшылығы тарапынан ресми түрде марапаттау салтанаты өтеді. Солардың ішінде Тараз қалалық ішкі істер басқармасының Жол-патрульді полиция батальонінің қызметкерлері, полиция сержанттары Байсейітов Бауыржан мен Серкебаев Ринат та бар. Еске салатын болсақ, ағымдағы жылдың 19 маусымында Тараз қалалық әкімшілік ғимараты өртке оранып, бірнеше адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған болатын. Аумаққа барлау жұмыстарын жүргізіп жатырған полиция қызметкерлері ғимаратты жалын шарпып жатқанын байқап қалады. Көліктерін дереу ғимарат орналасқан бағытқа бұрып, еш ойланбастан оқиға орнындағы адамдарды құтқаруға кірісіп кетеді. Тәртіп сақшылары төніп тұрған қатерге қарамастан 285 адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, өздері қол жарақаты және улы газбен улану түріндегі жарақаттарын алады. Өрт сөндірушілер келгенге дейінгі полиция қызметкерлерінің көрсеткен ерлігі, Отан алдындағы антқа танытқан адалдығы еленіп, халықтың алғысы мен ризашылығына бөленді.  

Іс-шараның ресми бөлімі және марапаттау рәсімі аяқталысымен, кешке жиылғандар, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері комитетінің ән-би ансамблінің және облыстық ІІД қызметкерлері хорының концертін тамашалайды.

Сұхбат

PhotoRoom