Жиһадшылар жайында зерттеу

Рейтинг
06.06.2014, 18:13

Сириядағы қақтығысқа әлемнің 74 елінен 11 мыңнан аса ерікті қатысып жатыр. Бүгін өткен «Жаһандық терроризмдегі трендтер: Орталық Азиялық аспект» атты сарапшылар бас қосқан жиында осылай деп мәлімдеген саясаттанушы Ерлан Қарин «олардың арасында Еуропа мемлекеттерінен барғандар да аз емес» деп атап өтті.

 Бұдан сәл ертерек ресейлік зерттеушілердің бірі Сирияда 500-ден аса қазақстандықтың қолына қару алып, соғыс алаңында жүргенін айтқан болатын. Ал жақында ғана осы саланы терең зерттеп, әлем елдерін аралап қайтқан Е. Қарин көршілікке тың деректер мен зерттеу қорытындысын жария етті.

Сирияда жүрген жиһадшылардың көбі - Сауд Арабиясының азаматтары. Олар 5 пен 8 мыңның арасы. Тунистен 4 мың, Ирактан 3 мың адам сол жаққа атаныпты. Ал Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағынан 2 мыңға жуық адам аттанған. Бұған 412 французды, 366 британиялықты, 296 бельгиялықты және 290 АҚШ азаматын қосыңыз. Германиядан 290, Қытайдан   адам бар. «The Jamestown» (АҚШ) қорының сарапшысы Джейкоб Зеннің деректері бойынша, Ұлыбританиядан 700-ден аса жиһадшы Дамасске қадам басқан. Тіпті Англияда азаматтарды Сирия соғысына дайындап апарған Bangladesh Boys ұйымының мүшелері ұсталған.

Ал Орталық Азия елдеріне келер болсақ, Өзбекстаннан 500, Түрікменстаннан 360, Тәжікстаннан 190, Қырғызстаннан 100 азамат. Сириялық құрылымдар мен экстремистік сайттардың ақпараттары бойынша Қазақстаннан 250 азамат кеткен. Алайда, арнайы қызметтің мәліметтері 190 деп көрсетеді. Олардың 2-еуі қаза тауып, 4-еуі елге оралған. Идентификациялағанда Сирияға кеткен қазақстандықтардың басым көпшілігі Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында туғандар. Одан кейін Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарынан шыққандар. Сириядағы қақтығысқа кеткендер туралы зерттеулерге қарағанда радикалды діншілдердің ошағы еліміздің батыс өңірі ғана емес, Орталық Қазақстан да жиһадшыларды дайындау «орталығына» айналған.

Е. Қарин жиһадшылар қатарындағы қазақстандықтарды үш топқа бөледі.

 1.«Мәселе құрбандары»

Жеке проблемаларының асқынуынан шығар жол іздеушілер. Кейбіреуі мәжбүрліктен шетел асқан. Мысалы Сирияға кеткендердің бірі А. Жансеңгіровтің туыстары оның телефон арқылы «елге қайта алмаймын», «мені алып кетті», «егер елге оралсам, қамауға алады» деген сөздерін жеткізген.

 

2. «Алданғандар»

Жиһад идеясын қолдаса да алданып қалғандар бар. Сирияда мұсылмандық тәртіпте жақсы өмір сүруге аттанған да жоқ емес. Жиһадшылардың бірінің әйелі Әзиза Әзмәметова елге оралғанда «Сирия - мұсылман үшін қолайлы ел. Біз ол жаққа соғысу үшін емес, өмір сүру үшін бардық» деген.

 3. «Фанаттар»

Жиһад идеясымен уланып, саналы түрде соғысу үшін ғана барғандар. Жезқазғаннан кеткен жастар жергілікті дін өкілдерінен сапарларының алдында «жиһадқа кетуге бола ма?» деген сұрақтарды көп қойған, яғни оларды сол ой мазалағаны белгілі болды.

P.S. Демек бұған дейін айтылған долбарлар тым біржақты. Еліміздегі кейбір сарапшылар Сириядағы жағдайды әлеуметтік мәселелерге әкеп тіреп, саяси жүйені кінәлаған болатын. «Орталық Азия» елдерінің саяси жүйесі өзгермей, мұндай жағдайлардың алдын алу мүмкін емес» дегендер де болды. Алайда саяси тәртібі қатал Өзбекстаннан да, демократиялы ел саналатын Қырғызстаннан да жиһадшылар шыққан.

 

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

Сұхбат

PhotoRoom