Украинаны тығырықтан шығаратын алты жол

Сараптама
09.06.2014, 13:44

Әлеуметтік желілердің біріне «Украинаның жаңа президенті Порошенко қызық бір кезеңде билікке келді. Шиеленісті реттей алса, бұрынғы төрт басшыдан да беделді, əрі ұлт көсемі болады. Егер олай болмаса, Ющенкодан да елеусіз, Януковичтен де танымал емес, тарихтағы рөлі түсініксіздеу саудагер болып қана аты қалады» деп жазғанымыз сол екен, қазақтілді интернет қолданушыларын бей-жай қалдырмады. Бірі болжап беруді өтінсе, енді бірі «әліптің артын бағайық» деп жатты. Қазақстан қоғамын да бұл мәселе ойлантпай қоймайды. «Петр Порошенко кім?» деген сауалға http://saigez.kz/?p=784 сайлау өткен күннің ертеңінде қал-қадырымызша жауап іздеп көргенбіз.

Енді жаңа басшы жоғарыда атап өткен проблемаларды еңсере алса, онда ол украин халқы ғана үшін емес, алыс-жақын көрші мемлекеттер сыйлы тұлға, әрі титықтап кеткен украин халқы үшін тиімді болар еді. Өйткені 2013 жылдың өзінде Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы 25 пайызға дейін азайып кеткен. Тіпті Қазақстанның Еуропада жатқан Ұлыбритания, Нидерланды корольдіктерімен арадағы тауар айналымымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Тұрақсыз мемлекетте бизнес үшін қолайсыздық орнайды. Қанша тәуекелшіл болса да, соғыс ошағына айналуға шақ тұрған жерге ешбір бизнесмен аттап баспайды, қаржы сала қоймайды. Сондықтан «бұл елде бейбітшілік қалай орнауы мүмкін?» деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Отандық сарапшылар да, шетелдік зерттеушілер де президент сайлауынан үлкен үміт күткен. Алайда соңғы бір аптаның ішінде сепаратистер Ресеймен арадағы шекарадағы бірнеше бақылау бекеттерін, Луганскідегі әскери базаларды басып алды.

«Украинаның басындағы ауыр жағдайды Ресей де, АҚШ та, Германия мен Францияның да мойындайтын уақыты жетті» деп жазады америкалық басылымдар.

Тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақыттың ішінде Украинаның тәуелсіз мемлекет ретінде аяқтан тұра алмағанын көріп отырмыз. Бұрындары  елдің ІЖӨ Белорусь елімен ыңғайлас болғанымен, қазір көршілестерінен де қалып қойған.

Территориясының едәуір бөлігі Ресейдікі деген санамен өмір сүретін Путин мен оның жандайшаптары тұрғанда мәселенің шешімі табуы да оңай емес. Себебі Ресей мен арадағы шекарасы ­- 2295,04 шақырым. Украинадағы этникалық ашылықтың басым бөлігін орыстар құрайды. Экономикалық тұрғыда байлаулы десе де болады. Украинаның ең басты сауда әріптесі Ресей еді. Алыс-берісті айтпағанда 60 пайыз газбен қамтамасыз ететіні тағы бар. Сондықтан, АҚШ пен Еуропа Украинаға жәрдемдесу мақсатында бір бастама көтерсе, оны жүзеге асырмауға Путиннің кем дегенде бес тәсілі бар болып шығады. Порошенкоға оңай емес деуіміздің бір себебі осы еді. Қазір Украинаға тығырықтан шығар жолдың бірі ­­- «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау». Яғни, батыстағы қолдаушылары тұрғанда ресеймен де тіл табысу қажет.

 

Дефолттың алдында тұрған ел экономикасын сақтау мен шығыстағы қарулы қақтығыстарды реттеудің алты жолы.

1. Украина өзінің тәуелсіздік декларациясында көрсетілгендей қандай да бір әскери блок құрамына енбеуі шарт. Басты қағида - бейтараптықты ұстану арқылы НАТО-ға да, ресейлік бағыттағы әскери ұйымға да кірмеу.

2. Украина Еуропалық Одақпен де, дискриминацияға жол бермейтіндей етіп Ресеймен де экономикалық байланыс орнату қажет. Ресейден арзан бағамен газ және басқа да шикізаттарды сатып алу мен Еуропаға қымбат бағадағы импорт қана ел экономикасын көтеруге септігін тигізе алады.

3. Орталық билік аймақтарға еркіндік беріп, облыстар халқына губернатор сайлауға мүмкіндік туғызу керек. Бұл өз кезегінде саяси шешімдерді халық мүддесі тұрғысынан қабылдауға ықпал етеді.

4. Украина еуропалық құндылықтарды сіңіріп, Еуропалық Одақтың жарғысында бекітілген этникалық азшылықтың құқығы бұзылмауына кепілдік бере отырып, жекелеген облыстарда орыс тілін ресми тіл ретінде енгізуді қамтамасыз ету керек.

5. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының басшылығымен барлық облыстардағы заңсыз әрекеттерге қатысқандарды анықтап, сепаратистер мен қорғанушыларды қарусыздандыруды тездетіп қолға алу шарт. Және заңға қайшы әрекеттерге қатысқандардың барлығына амнистия жариялану қажет.

6. Жаңа президент Порошенко ұсынған Украина территориясының тұтастығына кепілдік беретін жаңа келісімшартқа батыс елдері қол қоюы керек.

Бұл біздің саусақ сорып жасаған дүниеміз емес. Гарвард университетіндегі халықаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Грэхэм Эллисонның ұсынысы. Ақылға қонымды сияқты.

Дегенмен бұл алты қадамды жасау үшін де уақыт керек. Әрқайсысы дипломатиялық әккілікті қажет етеді.

Әзірлеген Жарқын Түсіпбекұлы

Сұхбат

PhotoRoom