КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ КЕШЕНДІ БЕТБҰРЫС

Аймақ
25.11.2015, 15:32

Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен маңызды мәселелерді шешуде әсіресе, елді мекендерден жергілікті деңгейдегі әкімдерді шақырмай-ақ скайп арқылы байланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған жаңа кіші залда аудандағы дағдарысқа қарсы штаб отырысы болып өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде 2015 жылдың басынан бері облыстық және аудандық дағдарысқа қарсы штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы, кент орталығында әлеуметтік дүкен ашу жайы, жаңа жұмыс орындарын құру және жұмысшылардың жұмыстан босатылу қаупі бар карталар және «Өркен-Сырдария» ЖШС-нің қаржылық қарыздарын төмендету бойынша атқарылып жатқан шаралар жайы қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Жүсіпбекова хабарлама жасады. Ал, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Б.Өтегенова жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыстан босатылу қаупі бар кәсіпорындар бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, кент орталығында ашылуы тиіс әлеуметтік дүкен жұмысы жайлы баяндады. Аудан бойынша кедейшілік шегіне жеткен 123 отбасы болса, бұл тиісінше 544 адамды құрайды. Сондықтан зерттеліп, зерделеніп, күнкөрісі төмен отбасыларды қолдау көзделіп отыр. Ол үшін осы әлеуметтік дүкендерде тұрғындар үшін ең қажетті ұн, күріш, май, қант, ет өнімдерін базар бағасынан 30 пайыз төмен бағамен сату жоспарлануда. Қазір дүкенге қажетті орын белгіленіп, дайындық жұмыстары жүргізілуде,- деді мекеме басшысы.

«Өркен-Сырдария» серіктестігінің бұрынғы жағдайын қазір мүлде салыстыруға келмейді. Қажетті техникалармен жарақтандырылған мекеме қазір толық қуатында жұмыс жасайды. Десе де, тұрғындар тарапынан ауыз су қарызын уақытылы төлемеу секілді жағдайлар орын алып отырғанын атап өткен серіктестік төрағасының орынбасары С.Нұртазаев әсіресе, төлем төлеу кент орталығында сын көтермейтіндігін тілге тиек етті. Қыстай малын суғаратын ағайын жаз бойы бақшасына су жібереді. Оған арнайы тариф белгіленбеген. Сондықтан суды пайдаланып, рахатын көрген ағайын оның ақысын төлеуді де ұмытпағандары жөн.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы сөйлеп, әсіресе, дағдарыс кезеңінде әлеуметтің әлеуетін көтеріп, қолдау көрсетуге ұмтылғаны үшін билік өкілдеріне ризашылығын білдірді. – Әлеуметтік дүкен ашу жөніндегі бастаманы қуана құптаймын,- деді. – Әрине, бұл құбылыс уақытша. Дегенмен, қиналған жұртқа демеу болу, мұқтаж жандардың қасынан табылу біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Жиынды қорытқан аудан әкімі Ғ.Қазантаев – ауданға инвестиция тарту жұмысында көп тер төгілгенін, жоғарыға алақан жаймай-ақ аудан күшімен көптеген нысандар күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылып, тіпті әлеуметтік нысандар салынғанын тілге тиек етті. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Ешбір ауданда канализация деген ұғым жоқ. Қазірдің өзінде біздің ауданда 23 үй қосылды. Алдағы уақытта жеке үйлерді қосу қарастырылады. Оған тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Әрине, жаппай емес, әлеуметтік себеттің белгіленген мөлшеріне жетпеген жағдайда ондай отбасы осы дүкендегі жеңілдікті пайдалана алады. – Ал ауыз суға келсек, адамға бірінші керегі ауа, екінші су. Сусыз өмір жоқ. Болашақта барлық ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін болады, оған тиісінше 1 млрд. теңге қарастырылды, - дей келіп, скайп арқылы байланысқа шыққан ауылдық округ әкімдеріне, мекеме, кәсіпорын басшыларына тапсырмалар берді.

Сұхбат

PhotoRoom