Досым Сәтпаев, саяси ғылымдар кандидаты: «Меритократия туралы мифтер»

Рейтинг
18.06.2014, 11:12

 «Әкімшілік реформа» әдетте бір адамның жұмысын он адам, ал тіпті сәтті жағдайда жиырма адам табысты орындай алған кезде басталады. Бұл жағдайда, биологтың тілімен айтқанда, белгілі бір аумақта тірі ағзалардың саны азық қорының көлемінен асып кететіні сияқты экологиялық баланс бұзылады. Қарапайым тілмен айтқанда, шенеуніктердің саны жұмыс істейтін адамдардың санынан асып кетеді, ал азық бөлетін астауға қолжетімділік екі жаққа бірдей қысқарады. Негізгі мәселе - қолданыстағы мемлекеттік машинаның Қазақстанда соңғы бірнеше жылда болған қарышты экономикалық және саяси өзгерістерге шынымен де ілесе алмай келетіні. Гәп өкілеттікті министрліктер мен ведомстволарға тиімді бөліп беруде ғана емес, барлық уақытта біздің бюрократиямыздың мәнінің өзгермегендігінде, оның ішінде нағыз мемлекетшілдер сульфид рудасының тоннасына тоғыз грамм алтыннан келетіні сияқты. Дәл осы себепті Әлихан Байменов қолға алған кезекті әкімшілік реформаны біреулер үмітпен, енді біреулер күмәнмен қабылдады. Есімде, қазір тергеліп жатқан бұрынғы облыс әкімдерінің бірі кезінде «А» және «Б» корпустары жөнінде алдыңғысын «ағашка», кейінгісін «братишка» деп әзілдеген еді. Ол бір жағынан дұрыс айтты. Бүгінгі Қазақстанның бір ерекшелігі кадр саясатымен бізде шын мәнінде мемлекет емес, қысым көрсетудің көлеңкелі топтары айналысады ғой. Әрі бұл жерде біздің шенеуніктер жақсы көретін «меритократия» қағидасының еш қатысы жоқ. Биліктің төңірегіндегі белгілі бір құрылымға қатысты болу биліктің шырмауында жүру мүмкіндігін арттырады. Бірақ бұл фактордың теріс жағы да бар. Әлгі топ пен оның жетекшісінің әлсіреуі топ мүшелеріне тырманың сабындай болып тиіп, жақсы жағдайда қызметінен айырылады, ал одан қалса, темір тордың ар жағында отырады немесе бұрынғы мүмкіндіктері мен еңбегіне қарамастан өзге елге қашып кетуге мәжбүр болады.

Әрине, қазір көптеген шенеунік епті басқарушылардың көтерілуіне ықпал ететін «әлеуметтік лифт» туралы айтқанды да жақсы көреді. Бірақ басқарушы мамандарды дөңгелетіп шығарудың тиімді тетігін қалыптастыру тұрғысынан қарағанда, бұл «әлеуметтік лифтілердің» бәрі көлденең байланысқа ие болуы керек, яғни әрбір адам бір әлеуметтік қабаттан екіншісіне әлдеқандай демеудің көмегімен емес, өз мүмкіндіктерінің арқасында өте алуы тиіс. Біздің жағдайымызда бұл күрделі, өйткені протекция мен «тамыр-таныстық» «білім» мен «кәсіби тәжірибеден» үстем болып кетеді. Мұндай жағдайда, мен бұрын айтқандай, «меритократия» қағидасы жұмыс істемейді.

Халық табысы деңгейлерінің елеулі алшақтығы салдарынан және білім сапасының төмендігінен білім алуға тең қол жеткізе алмау мәселесі де бар. Сөйтіп, кез келген әкімшілік реформа мен басқару аппаратына «жаңа қанды» жүгірту әрекеті қоғамда тиімді болмай қалады, мұндай қоғамда адамдар ниеті мен мүмкіндіктерінің болғанына қарамастан, жазылмаған ойын ережесінің жасанды шеңберіне табан тірейді, мұндай қоғамда басты сауал «Сен не істей аласың?» деген емес, «Сен кімнің қарамағында жүрсің?» деген.

Әрине, қазір қолға алынғалы отырған әкімшілік реформаның рационалды өзегі де бар. Мысалы, жетекшілер ауысқан кезде әкімшілік мемлекеттік қызметшіні қорғауды күшейту және өз бастығының соңынан үдере көшуге тыйым салу идеяларын толығымен қолдауға болады, аталған жайттар мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі іске асыруды бұзып қана қоймай, орта және төменгі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер арасында депрофессионализацияны туғызатын. Бірақ өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей, көбіне осы деңгейдегі шенеуніктер, негізінен, кез келген саяси ауыс-түйістерге қарамастан өз қалпында қалады. Сөйтіп, бұл бүкіл мемлекеттік организм қызметінің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, осының бәрінде үлкен проблема жатыр. Өйткені сабақтастық тиімді мемлекеттік басқаруда ғана емес, бюрократиялық аппарат жиі душар болатын кемшіліктерде де болады, бұл жайт көп бастаманы құрдымға кетіреді. Сондықтан жемқорлыққа әуестігі жоқ, жоғары білікті 500-ден астам мемлекеттік қызметкерден тұратын «А» басқару корпусының пайда болуынан жылдам оң нәтиже күту ақымақтық болар еді. «А» корпусына адамдардың қазіргі әрі жүйемен тексерілген мемлекеттік қызметшілердің арасынан іріктелетінін ескерсек, оның қалыптастыру тетігінің өзі бірқатар сұрақтар туғызады. Оның үстіне, іріктеуді Ұлттық комиссияға енетін шенеуніктердің өзі жүргізеді. «А» тобына ену алдындағы әбігердің ұлғаюына қарай элита ішіндегі элитаға өз адамдарын тартуға жол ашатын жаңа жемқорлық нарығы қалыптасуы мүмкін деген қауіп бар. Бірақ элита ішінде элита құру автокөліктің нашар жұмыс істейтін двигателін ауыстырмай, көлік ішіне жаңа ауа тазартқыш іліп қоюмен бірдей. Арбаны аттың алдына қойғанмен тең. Елдің келешектегі кадрлық резервін қалыптастырарлық әлеуметтік және саяси институттарды құруды көздейтін саяси реформа болмайынша, мұндай әрекеттер еш нәтиже бермейді. Айтпақшы, жергілікті өзін-өзі басқару институттары мен төменгі деңгейлі әкімдер сайлауы да кадр даярлаудың бір тетігі болар еді. Бірақ бұл мәслихаттың араласуынсыз тікелей өтетін сайлаулар жағдайында ғана мүмкін болады, қазір мұндай сайлауды енгізу қолға алынғалы жатыр. Өйткені әкімшілік реформаның басты индикаторы ретінде «халықтың кадр іріктеу жүйесіне және мемлекеттік қызметшілердің меритократия қағидаларын сақтауға деген сенімі деңгейін арттыру» айтылған еді. Бірақ халықты «А» тобының қалай қалыптасатыны емес, төменгі деңгейде мемлекеттік қызмет сапасының қандай болатыны көп алаңдатады, ол деңгейде көбіне «Э» немесе «Ы» топтарына да қосуға келмейтін шенеуніктер отырады.

 

Сұхбат

PhotoRoom