ОҚО Ішкі Саясат Басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Жаңалықтар
23.06.2014, 16:40

Бүгін, Мемлекеттік Қызметкерлер Күніне орай бір қуанышты жәйт тұспа тұс келіп отыр. ОҚО Әкімі Аппаратының баспасөз қызметінің басшысы болып келген белгілі журналист Берік Уәли, енді осы облыстың Ішкі Саясат Басқармасын басқаратын  болды. saigez.kz сайтының ұжымы Берік Уәлиді жаңа мансабымен шын жүректен құттықтайды.

Құрманғали Берік Уәлиұлы 1977 жылғы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ, білімі жоғары. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы-редактор мамандығы бойынша аяқтаған, 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика магистрі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телерадиокомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының репортері, шығарушы редакторы, «Апта айнасы» бағдарламасының жүргізушісі қызметтерінен бастаған. 1998-1999 жылдары НТК телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының редакторы, шығарушы редакторы болып қызмет етті.

2000-2007 жылдар аралығында «31 канал» телерадиокомпаниясында қызмет етіп, «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы қазақ редакциясының редакторы, шығарушы редакторы, жүргізушісі, бас редакторы болды, «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болып еңбек етті, «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуының бас редакторы, жүргізушісі қызметтерін атқарды.

2007 жылдан 2012 жылға дейін «Хабар» агенттігі» АҚ-ы «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, «Үкімет пен әлеумет» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі болып еңбек етті.

Б.Құрманғали сонымен қатар «ВВС» британдық телерадиокорпорациясы қазақ қызметінің штаттан тыс тілшісі қызметін атқарып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті мен Т.Жүргенов атындағы өнер академисяында халықаралық журналистика пәні бойынша ұстаздық етті. Ал 2009-2012 жылдар аралығында «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес медиа-орталығының жетекшісі қызметінде болды.

2012 жылғы қыркүйек айынан бастап ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің басшысы қызметін атқарып келеді.

Жемісті еңбегі үшін Берік Уәлиұлы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды. «Қазақстан Республикасының тәуелсізідігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Шығармашылық жұмыстағы жетістіктері де оң бағаланып, «Еркін сөз» бағдарламасы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2003 ж.), «Дода» ток шоуы үшін Қазақстан Журналистер академиясы тағайындаған «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері (2006 ж.) атанды, «Өркендеу, Демократия және Сөз бостандығы» ұлттық конкурсында ЮНЕСКО-ның (2004 ж.) және Марат Барманқұлов атындағы Х халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (2007 ж.) дипломдарымен марапатталған.

Тегтер:
Берік Уәли

Сұхбат

PhotoRoom