Дінтану сараптамасын жүргізудің мәселелері талқыланды

Жаңалықтар
24.06.2014, 12:59

 

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің мұрындық болуымен «Дінтану сараптамасын жүргізудің мәселелері мен міндеттері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

     Дөңгелек үстел барысында дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз етудегі теориялық және тәжірибелік мәселелер талқыланып, оларды шешудің және одан әрі дамытудың жолдары қаралды.

     Аталған іс-шараның жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, дінтанушы ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, ізденушілер және БАҚ өкілдері қатысты.

     Дөңгелек үстел жұмысы барысында дінтану сараптамамен тікелей айналысып отырған Дін істері агенттігі мен оған қарасты орталықтар сарапшылары, сонымен бірге Қазақстан дінтанушылар конгрессі сарапшылары, дінтанушы ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар өз ойларын ортаға салып, елдегі діни ахуалдың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мен мемлекеттік реттеудегі оның рөлін атап өтті. Сондай-ақ дінтану сараптамасын жүргізуде күнделікті кездесіп отырған мәселелерге баса тоқталып, оны шешудің оңтайлы әдістерін көрсетті. Шараға қатысушылар өз сөздерінде дінтану сараптамасын жүргізетін мамандардың білімдері мен біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып отыру қажеттілігіне назар аударды. Бұдан бөлек дөңгелек үстел барысында сарапшылар Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығындағы дінтану сараптамасымен айналысып отырған әріптестерімен пікір алмасты.

     Дөңгелек үстел жұмысының нәтижесінде дінтану сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу үдерістерін жетілдіруге байланысты әдістемелік және тәжірибелік ұсынымдар берілді. Дін істері агенттігі Төрағасының орынбасары Е.Абдақасов дөңгелек үстелдің жұмысын қорытындылай келіп, дінтану сараптамасы республика аумағындағы экстремистік және кері ағымдар идеяларының таралуына тосқауыл қойып, алдын алуда мемлекетпен жүргізіліп отырған оңтайлы тетіктердің бірі екендігін атап көрсетті. Сөзінің соңында Е.Абдақасов барлық сарапшыларды, мемлекеттік органдар өкілдері мен дінтанушы ғалымдарды күш-жігерлерін аямай, жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

 

Сұхбат

PhotoRoom