«Ұмай» фильмі Словакиядағы кинофестивальде жүлделі болды

Мәдениет
30.07.2020, 13:13

Қысқаметражды фильмнің режиссері - Іңкәр Әбдіраш

«Ұмай» фильмі Словакиядағы кинофестивальде жүлделі болды
фото: kazgazeta.kz

Қазақстандық фильм Словакиядағы кинофестивальде жүлделі болды, деп хабарлайды Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.

Режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмай» («Мальчик у окна») қысқаметражды фильмі 2020 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша ай сайын өтетін Kosece International Monthly Film Festival Халықаралық кинофестивальде (Словакия) «Үздік режиссер-дебютант» сыйлығының иегері атанды.

KIMFF фестивалінің мақсаты дүниежүзіндегі талантты режиссерлерді қолдап, оларды насихаттау. Словакияның жас кинематографистерінен құралған фестивальдің қазылар алқасы әр ай сайын жеңімпаздарды анықтайды. Жыл соңында лауреаттар өз номинациясы бойынша кинофестивальдің басты жүлдесі үшін күреске түседі. Жылдық жүлделерді табыстау рәсімі 2021 жылы мамырдың 26 мен 28 аралығына жоспарланған.

Естеріңізге салайық, Іңкәр Әбдіраштың дебюттік фильмінің желісі өзімшіл актрисаның өмірін түбегейлі өзгертетін балалар үйінің тәрбиеленушісі туралы баяндайды. Картинаның продюсерлері – Фархат Әбдрайымов пен Гүлшат Смағұлова.

Бұдан бұрын «Ұмай» фильмі British International Amateur Film Festival (BIAFF) Халықаралық әуесқойлар кинофестивалінде «Ең үздік фильм», «Ең үздік сценарий» номинациясы бойынша топ жарған болатын. Сондай-ақ фильм Х Dadasaheb Phalke Film Festival (DPIFF) Халықаралық кинофестивалінде үздік қысқаметражды фильм жүлдесін жеңіп алды.

Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық бірлестігі түсірді.

Сұхбат

PhotoRoom