Шымкент: Әл-Фараби ауданында 5000 отбасыға 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілген

Аймақ
21.08.2020, 21:32

Жеті ай ішінде 4135 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріп, оның 3678-і мұқтаж деп танылған

Шымкент: Әл-Фараби ауданында 5000 отбасыға 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілген
Фото: Береке Сейітжаппар

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов мәлімдеді.

– «Біз  біргеміз» акциясы аясында аз қамтылған көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі бала қараушыларға, Тыл ардагерлері, ҰОС ардагеріне теңестірілгендер және ең төменгі зейнетақы алушы зейнеткерлерге аудан бойынша 5000 отбасыға 50000 теңгеден қаржылай көмек берілді. Ал екінші рет қаржылай көмек І, ІІ топ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және мүмкіндігі шектеулі бала қараушы 3400 отбасыға 50 мың теңгеден үлестірілді, – деді Ғ.Мәуленқұлов.

Спикердің сөзіне сүйенсек, ауданда 7 ай ішінде 4135 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріп, оның 3678-і мұқтаж деп танылған. Оның ішінде 1500-і көп балалы отбасы қатарында.

Ғабит Патшаханұлының айтуынша, аудан аумағында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға, жетім балалар үйіне және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қайырымдылық іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осы орайда аудан кәсіпкерлері мен депутаттарының демеушілігімен 3000-нан астам аз қамтылған көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі бала қараушы отбасыларға, жалғыз ілікті қарттарға және 134 Тыл ардагеріне азық-түлік т.б. көмек көрсетілген.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Тегтер:
Шымкент

Сұхбат

PhotoRoom