Шымкентте жедел жәрдем қызметі толығымен цифрлық жүйеге көшті

Аймақ
09.09.2020, 10:06

Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады

Шымкентте жедел жәрдем қызметі толығымен цифрлық жүйеге көшті

Шымкент қаласындағы жедел жәрдем қызметі  елімізде алғашқылардың бірі болып толықтай цифрлық жүйеге көшкен болатын.  Жедел жәрдем қызметіндегі қағазбастылықты жою мақсатында мамандардың барлығы смартфонмен қамтылған деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Ондағы бригаданы шақырту картасы, учаскелік дәрігердің дабыл қағазы және жедел медициналық жәрдем станциясының ілеспе парағы  смартфонға енгізіледі. Осы арқылы қызметкерлер орталық станцияға келмей-ақ, қолындағы смартфон арқылы тікелей шақыртуға бара алады. Бұл өз кезегінде мамандардың уақытын үнемдеуге септігін тигізуде дейді салаға жауаптылар.

Сондай-ақ 103-ке келіп түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер жаңадан ашылған орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылайды. Жаңадан ашылған колл орталықтың арқасында қоңырау қабылдау орындары екі есеге артқан.

Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Біріктірілген жүйе арқылы операторлар 10 секунд ішінде шақыртуды бригадаға бағыттайды.

Сондай-ақ, ақпараттық жүйенің көмегімен Шымкент қаласының картасы бойынша мекенжайларды іздеу, көлік бағыттарының карталарын қадағалау, күту уақыты, қозғалыс жылдамдығы туралы мәліметтерді автоматты түрде бақылауға болады.

Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі мен түрік компаниясы арасында жедел жәрдем қызметін жаңғырту жобасы аясында екі жақты меморандумға қол қойылған болатын. Келіссөз нәтижесінде бірінші кезеңде жедел жәрдем қызметіне 100 жаңа көлік берілген. Екінші кезеңде осы жоба аясында Call-орталығы әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылды.

Тегтер:
Шымкент

Сұхбат

PhotoRoom