Тоқаев екі агенттік пен Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы жарлыққа қол қойды

Құқық
10.09.2020, 11:08

Жаңадан құрылған агенттіктер мен министрлікке қандай функциялар мен өкілеттіктер берілетіні анықталды

Тоқаев екі агенттік пен Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы жарлыққа қол қойды
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы жарлығымен Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылсын, оған стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік статистикалық қызмет салаларындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, мынадай:

  • реформаларды жүзеге асыру тәсілдерін, реформаларды жүзеге асыруға қажетті, сондай-ақ олардың іске асырылу барысын мониторингтеу мен бағалау  бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;
  • мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын дайындау кезінде, сондай-ақ оларды келісу, іске асыру барысын мониторингтеу мен бағалау бойынша мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіру;
  • мемлекеттік органдардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын келісу;
  • елдің дамуы мен халықаралық ахуалды стратегиялық болжамдау мен  талдау жүргізу;
  • ведомстволық статистика саласындағы жұмысты  үйлестіру;
  • орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер берілсін;

Президент жарлығы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылып, оған тиісті тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеу саласындағы Ұлттық экономика министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері берілмек.

Үкіметке Президент Әкімшілігімен келісіп, мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлу тапсырылды.

Нақтырақ айтқанда, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетін тиісті штат санымен бірге жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қарауына беріп, оны кейіннен Ұлттық статистика бюросы етіп қайта құрылады.

Жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болады.

Президент әкімшілігі бір ай мерзімде ҚР Президентінің қарауына құрылған агенттіктердің төрағаларымен бірлесіп, құрылған агенттіктер мен олардың құрылымдары туралы ережелердің жобаларын, Үкіметімен бірлесіп, қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдардан штат санын құрылған агенттіктерге қайта бөлу, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі жөнінде ұсыныстар енгізеді.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы жарлыққа қол қойды.

Министрліктің құрамына мынадай салалар кіреді:

  • Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, Азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі;
  • Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
  • Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту бойынша функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып құрылады.

Үкіметі Президент әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігі, сондай-ақ оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың арасында штат санын қайта бөлуді қамтамасыз етеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерінің құқықтары мен міндеттемелерінің мирасқоры болып белгіленеді.

Сұхбат

PhotoRoom