Елордадағы дәмханада болған жарылыс: 3 адам жансақтау бөлімінде

Аймақ
23.11.2020, 17:06

Олардың бірінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің де жағдайы ауыр деп бағаланып отыр

Елордадағы дәмханада болған жарылыс: 3 адам жансақтау бөлімінде

Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыстан зардап шеккен үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы елордалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың бірі өте ауыр жағдайда жатыр. Қалған екеуінің де жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қаладағы №1 және №2 көпсалалы ауруханаларға барлығы 23 адам жатқызылды. Жеңіл жарақат алған 11 зардап шегуші амбулаториялық емделуге жіберілді.

«Пациенттердің көбі түрлі дәрежедегі термиялық күйіктермен, орта дәрежеде газбен улану, политравмамен емдеуге жатқызылған. Бір пациент жамбас сүйегінің жабық сынығымен травматология бөлімшесінде жатыр. Қалғандары № 1 қалалық аурухананың комбустиология бөлімшесінде жатыр. Денсаулық жағдайы орташа, асқынусыз. 3 адам реанимация бөлімшесінде», - дейді басқарма өкілі Әйгерім Ардаққызы.

Еске сала кетейік, 21 қарашада елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, 1 адам қаза тапты. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өрт-техникалық және сот сараптамалары тағайындалды. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылысқа қатысты қосымша ақпарат таратты.

21 қараша күні сағат 12:25-те Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағынауданындағы «Halalbrothers» дәмханасында газ баллоны жарылып, салдарынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 12:32-де келгенде, жарылыс салдарынан екі қабатты коттеджге жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың ішінара қабырғалары және шатыры құлағаны анықталды. 

Нысанның 100 шаршы метрі қираған (құрылыстың жалпы көлемі – 600 шаршы метр). Жарылыс салдарынан асүйдің шатыры құлаған.

Елордалық құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллонын шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылы туған қызды құтқарды, ол басынан жабық ми зақымын алған. Өкінішке қарай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқарған 52 жастағы әйел (1968 жылы туған) қаза тапты.

Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізді. Оның ішінде 11-і дәрігер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді, 23-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен адамдардың барлығы – дәмхана жұмысшылары. Сондай-ақ жарылыс салдарынан 3 автокөлікке зиян келді.

«Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12:58-де сөндірілді. Авариялық-құтқару жұмыстары сағат 16.59-да аяқталды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының 56 қызметкері мен 14 бірлік техникасы жұмыс істеді. Қала әкімдігі және ТЖ департменті адамдар тоңып қалмас үшін КУНГ-көлігі мен автобус жіберді», - делінген хабарламада.

Сұхбат

PhotoRoom