Шымкентте атаулы әлеуметтік көмекке 145 631 адам қол жеткізген

Аймақ
23.11.2020, 17:05

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 237 жоба нақтыланып, 4 438 адам жұмыспен қамтылған

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмекке 145 631 адам қол жеткізген
Фото: Береке Сейітжаппар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы жəне абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн», – деді. Осы орайда Жолдауды халық арасында кеңінен насихаттау барысында атқарылған жұмыстар төңірегінде Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауовтың қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті.

– Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту бағытында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 29 611 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқу бағытында 4 386 адам оқуға жолданып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 6 802 адам жұмысқа орналасты. Ал халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 18 423 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді, – деді Қасымбек Пернебекұлы.

Спикердің сөзіне сүйенсек, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 237 жоба нақтыланып, 4 438 адам жұмыспен қамтылған. Нәтижесінде, тұрақты жұмысқа орналастыруға белгіленген 43 жоба бойынша 369 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Айта кетейік, жыл басынан бері мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 29 071 отбасы, яғни, 145 631 адам қол жеткізген.

 

Сұхбат

PhotoRoom