Шымкент: «Шаңырақ» орталының мамандары мұқтаж отбасыларды аралап, жағдайымен танысты

Аймақ
30.12.2020, 14:46

Алдағы уақытта орталық мамандары тиісті жұмыстар жасап, бес мұқтаж отбасының қиындықтарын шешуде атсалысатын болады

Шымкент: «Шаңырақ» орталының мамандары мұқтаж отбасыларды аралап, жағдайымен танысты

Шымкент қаласы "Самғау сенім" арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Фарида Сатанқызы және Шаңырақ орталығының мамандары мұқтаж отбасылардың өтініші бойынша Бозарық елді мекенінде үйден шығуға мүмкіндіктері болмай отырған (мүгедек адамның күтіміне байланысты, жас нәрестенің болуына байланысты) отбасыларды аралады. Бір отбасының мүшелері – анасы мен 5 баласы бірдей мүлдем құжатсыз, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай, тіпті балаға тиісті төлемдерден де қағылып, аса қиын жағдайда жұмыссыз отырғаны белгілі болды. Тұрмыстық жағдайы төмен, жалдамалы үйде, ауыр еңбек жасап, бала-шағасын асырап жүрген ананың қазіргі таңда емізулі баласы бар екен. Оның үстіне екі қолы сынған, операциядан кейін жұмысқа жарамай қалған. Кішкентай балалар едені жоқ, суық үйде тозған төсеніш төсеніп отыр. Мұқтаждығы бойынша мәліметтерді алып, осы отбасына көмек беруге ары қарай жұмыс жасалатын болды. Бұл отбасы бойынша мамандар Сана-сезім орталығына хабарласып, мигранттарға құжат жасаумен айналысатын заңгерлер мәселесін шешуге атсалысуға уәде етті.

Сонымен қатар суық үйде тұрып жатқан 60 жастағы, 3 топ мүгедегі жалғыз басты азаматтың тағдыры да өте күрделі. Бұл кісі өзінің жеке куәлігін жоғалтып алған. Ол туралы ешқайда хабар бермеген. Оны пайдаланған біреу сыртынан кредит рәсімдеген. Қазіргі таңда бір аяғы жоқ, мүгедек кісінің банктегі қарызы төленбеген соң, алып отырған азғана зейнетақысы тоқтатылған. Мамыр айынан осы уақытқа дейін бұл кісі мүлдем кіріссіз отыр. «Мейірім» қорының қайырымдылық акциясы арқылы көмір түсіріп берілген, бірақ әлі киім, құжат, төленбеген несие сияқты шешілуі тиіс мәселелері көп. Алдағы уақытта орталық мамандары тиісті жұмыстар жасап, осы 5 мұқтаж отбасының қиындықтарын шешуде атсалысатын болады.

Сұхбат

PhotoRoom