09.12.2025 в 20:39

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ИНВЕСТИЦИЯ ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕГІ

Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр

 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өтккен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров атап өтті.

 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап  берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру.  Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

 

– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд.теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр, – деді Нұралхан Көшеров.

 

       Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.

 

         Сонымен қатар, биыл Түркістан облысында халықаралық талаптарға жауап беретін заманауи зауыттар іске қосылып, өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн.теңгені құрады.

 

      Облыста жыл басынан бері 10 айда өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд. теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2443 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде маңызды әрі ірі жобалар қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд. тг., 300 жұмыс орны); Отырар ауданындағы 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд. тг., 960 жұмыс орны); Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд. тг., 96 жұмыс орны) бар. Сонымен қатар  Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд. тг., 150 жұмыс орны);  Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд. тг., 150 жұмыс орны)  жұмысын жүргізіп жатыр. Жыл соңында 103,5 млрд. теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылады.

 

– Президентіміз өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан – кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады, – деді Нұралхан Көшеров.

 

           Қазір 7 инвестор осы орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1175 жұмыс орны ашылады. Бюджетке қосымша салық түседі (355 млн. теңге). Бүгінгі таңда 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарлануда.

 

         Облыстағы индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.