Ұлттық ұландық түтінге тұншығып жатқан көршісін ажал аузынан құтқарып қалды

Рейтинг
17.06.2025, 14:28
Ұлттық ұландық түтінге тұншығып жатқан көршісін ажал аузынан құтқарып қалды

15-нен 16 маусымға қараған түні Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінде қызмет атқаратын қатардағы  Нұржан Искаков ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Қырағылықтың арқасында ол өміріне қауіп төнген көршісін ажалдан арашалап қалды.

Оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында Аққу шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде орын алған. Төртінші қабаттағы пәтерінде демалып жатқан Нұржан кенеттен түтіннің өткір иісін сезіп, бірден пәтерден шығып, жағдайды тексеруге кіріседі. Қауіптің қайдан туындағанын анықтаған ол бірінші қабаттағы көршісінің пәтерінен түтін шығып жатқанын байқайды. Белгілі болғандай, үй иесі газ плитасына тамақ қойып, ұйықтап қалған.

Есікті қанша қақса да, іштен ешкім жауап бермеген соң, Нұржан көрші подъездегі пәтерде тұратын пәтер иесінің бауырына дереу хабар береді. Екеуі бірлесе әрекет етіп, пластик терезені сындырып ішке кіреді. Пәтер ішінен  есінен танып, түтінге тұншығып жатқан ер адамды шығарып үлгереді.

Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат.Нұржанның батылдығы мен жедел әрекеті адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда зардап шеккен азаматтың жағдайы бірқалыпты.

Айта кетерлігі, Нұржан Искаков бұл ерлігі туралы ешкімге тіс жарып айтпаған. Оның айтуынша, бұл – әрбір саналы азаматтың парызы.

ҰҰ “Шығыс” өңірлік 
қолбасшылығының
баспасөз қызметі

Сұхбат

PhotoRoom