Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы жаңа заманауи техникамен толықты. Министрлік тарапынан берілген Ми-8АМТ маркалы құтқару тікұшағы департамент балансына ресми түрде тапсырылды.
Өңір басшысы Дастан Рыспеков жаңа әуе көлігінің техникалық мүмкіндіктерімен танысып, оның төтенше жағдайлармен күрестегі маңыздылығын атап өтті.
2020 жылы шығарылған Ми-8АМТ тікұшағы сағатына 250 шақырым жылдамдықпен ұшып, 4700 метр биіктікке дейін көтеріле алады. Бұл техника заманауи талаптарға сай жабдықталған және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің жеке құрамын және жүгін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарына шұғыл жеткізу, өрт ошақтарын сөндіру және патрульдеу, өрт сөндірушілерді өрт аймақтарына жеткізу және десантпен түсіру, орман алқаптарын әуеден бақылау және аэрофототүсірілім жүргізу, ауыр халдегі науқастар мен зардап шеккендерді жедел эвакуациялау, әуе апаттарына ұшыраған әуе кемелері мен олардың жолаушыларын, сондай-ақ төтенше жағдай аймақтарындағы халықты іздеу және құтқару міндеттерін атқаруға қауқарлы.
Жаңа тікұшақтың пайдалануға берілуі өңірдегі төтенше жағдайларға жедел әрекет ету әлеуетін едәуір арттырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне зор үлес қоспақ.