16.09.2025 в 10:12

Бүгін Жезқазған қаласындағы «Жігер» спорт кешенінде алғаш рет 2009–2010 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының жеке-командалық чемпионатының ашылу салтанаты өтті.

Бұл ел тарихындағы маңызды спорттық оқиғалардың бірі болып табылады. Чемпионаттың басты мақсаты – еліміздің болашағы саналатын жас спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, олардың бойында табандылық пен жеңіске деген жігерді қалыптастыру, сонымен қатар салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау.
Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен келген үздік жас зілтеміршілер қатысуда. Олар өздерінің дайындық деңгейін, күш-қуатын және спортқа деген сүйіспеншілігін дәлелдеу үшін өзара бақ сынасады. Чемпионат барысында спортшылар әртүрлі салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп, жүлделі орындар үшін тартысты додаға түседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды жарыстар жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақта халықаралық деңгейдегі спортшы ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді.
Ауыр атлетика – қажыр мен ерік-жігерді талап ететін спорт түрі. Бұл чемпионат жастарды мақсатқа жету жолында еңбектенуге, төзімділік пен табандылыққа баулып, командалық рух пен достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Аталған дода 16–23 қыркүйек аралығында өтеді. Чемпионат соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, кубоктармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың есімдері облыстың спорт тарихына енбек.