10.11.2025 в 10:12

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

     Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өңір экономикасын дамыту жолдары бойынша мәжіліс өткізді. Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда жүзеге асатын маңызды жобалардың құрылыс жұмыстары мен алдағы жоспары сала мамандарының тұрақты бақылауында. Осы және өзге де мәселелер бүгін облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте қайта қаралды.

     Мәжіліске Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков, Түркістан облысы өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов және сала басшылары мен мамандар қатысып, биыл жүзеге асыру көзделген 121 іс-шараның құрылыс жұмыстарын оның ішінде түйткілді 14 жобаның ағымдағы жағдайын пысықтады.

      Күн тәртібінде өңірдің экономикалық өсім жағдайы, «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында берілетін несие, инвестициялық жобалар мен индустриалды аймақ құрылыстары, жер телімдерін қайтару, өрт сөндіру бекеттерін салу, мен су қоймаларының құрылыс жұмыстары талқыланды. Жүргізілген мониторинг жұмыстары бойынша 121 жобаның 41 %-ы толық орындалған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер аясында жоспарлы жұмыс жүргізуді алға тартты.

      – Бүгінгі жиналыста қозғалған түйткілдер айтылып қана қоймауы керек. Әр істі уақытында әрі жауапкершілікпен орындау маңызды. Мәселе қайда орын алды, болған жерге барып шешулеріңіз қажет. Тапсырмалар аясында тыңғылықты жұмыс жүргізіңіздер, – деді Т.Қозбеков.

      Ірі жобаларға тоқталсақ, Кентауда жобалық-сметалық құны 360 млн.теңгені құрайтын «Bereke Құрылыс Сервис» ЖШС-ның қағаз майлықтар мен тұрмыстық химия жасау жобасын іске қосу көзделген. Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент өндіретін «Састөбе химиялық кешенін» салу жобасы талқыланды. Жоба іске асқан жағдайда 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бүгінде 20 мектеп пайдалануға берілді. Оның 12-і жекеменшік мектеп болса, 8-і «Келешек мектептері» аясында салынды 1 мектептің құрылысы 100 пайызға аяқталып, ашылуға дайын. Мәжіліс барысында Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш аудандарындағы өрт сөндіру бекеттеріне күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары пысықталды.

     «Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.

     Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.

    Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

      Жалпы облыс экономикасын дамытуға 293,9 млрд теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,2 пайызға артты. Негізгі инвестициялық салымдарды шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі 144,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен 23,4 пайызға артты. Түркістан облысының өндірістік-экономикалық мүмкіндіктері мол. Олардың негізін орасан зор табиғи қорлар мен жеткілікті еңбек ресурстары құрайды. Уран қоры жөнінен облыс Қазақстанда бірінші, фосфориттер мен темір рудасы бойынша – үшінші орынды иеленеді.