10.11.2025 в 10:28

ТҮРКІСТАН МЕН ХОРЕЗМ ОБЛЫСТАРЫ ТУРИЗМ САЛАСЫН БІРЛЕСІП ДАМЫТАДЫ

      Түркістан облысы әкімінің Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары барысында көптеген кездесулер өтті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары сәтті өтті десек те болады. Мақсат –әріптестікті нығайту, туризм саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу.

      Жұмыс сапары Хорезм облысында жалғасып, Нұралхан Көшеров Хорезм облысының хокимі Журабек Рахимовпен кездесті. Өңір басшысы туризм саласындағы әріптестікті тереңдету мәселесін көтерді.

       – Түркістан және Хорезм облыстары көптеген жағынан ұқсас – бізді бай тарих, дәстүрлер, мәдениет пен өмір салтымыз біріктіреді. Екі өңір де ұлы өркениеттердің бесігі саналады. Бұл жерлерде ұлы ойшылдар, ғалымдар мен шеберлер дүниеге келді, ал Ұлы Жібек жолы ежелден біздің аймақтарды байланыстырып, мәдени және сауда алмасуына ықпал етті. Түркістан облысы да Хорезм сияқты ерекше туристік әлеуетке ие.Өңірде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Оған жыл сайын 1 миллионнан астам турист пен зияратшы келеді. Облыс аумағында 1800-ге жуықтарих пен мәдениет ескерткіштері бар, сондай-ақ, ЮНЕСКО биосфералық аумақтар желісіне енгізілген 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ орналасқан.Түркістанда жыл сайын 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай жұмыс істейді. Әуе қатынасын дамыту мақсатында біз жеңілдігі бар арнайы бағдарлама әзірледік. Орталық Азияның екі ежелгі рухани орталығы арасындағы тұрақты әуе рейстері трансшекаралық туризмді дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін береді, – деген Нұралхан Көшеров бірнеше нақты ұсынысын жеткізді.

        Атап айтқанда, Түркістан – Хиуа бірыңғай туристік бағытын әзірлеу, екі өңір арасында мәдениет және қолөнер күндерін өткізу, туристер үшін көліктік байланысты күшейту, облыстардың брендтерін халықаралық деңгейде бірлесіп ілгерілету мәселесін көтерді. Сонымен бірге мәдени байланыстарды нығайтып, туризм саласында тәжірибе алмасу маңызды екеніне де тоқталды.

       Кездесуде тек туризм емес, басқа салаларда да бірлесе жұмыс істеу, бауырластық меморандумын жасау ұсынылды. Журабек Рахимов Хорезмге арнайы атбасын бұрған Нұралхан Көшеров пен облыс делегациясына алғысын білдіріп, өңірлер арасындағы байланыстар нығайып, ортақ жобалар жүзеге асарына сенім білдірді.

       Түркістан облысының делегациясы Хорезмдегі туристік фирма басшылары мен өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Туризмді бірлесе дамыту мәселесін талқылады. Түркістандықтар Хорезм облысының тарихи және туристік орындарын аралап, инфрақұрылымымен, тыныс-тіршілігімен танысты. Туризмді дамыту, саяхатшыларды тарту бойынша пікір алмасып, әріптестікті нығайту жөнінде уағдаласты. Айта кетейік, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мың турист келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.

       Түркістан өңірінің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

        Түркістан облысындағы негізгі бағыттардың бірі – туризм. Аймаққа келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Биылғы 5 айда Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға 424 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген.