ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Рейтинг
10.12.2025, 10:34
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

        Түркістан облысының тарихи-мәдени бағытындағы туристік әлеуеті жанданады. Түркістан облысында тарихи-мәдени бағыттарындағы туристік жобалар әлеуеті жанданады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

       – Туристік әлеуетті дамыту бағытындағы жұмысты жүйелеңіздер. Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен орындардың әлеуетін толық пайдаланған жөн. Түрлі креативті жобалар мен халықаралық деңгейдегі мәдени, спорттық шаралар ұйымдастыруды назарға алып, ұсыныс беріңіздер. Бұл – нақты тапсырма. Жақында Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар ашылады. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Ертай Кенжебекұлы.

        Түркістан облысында өткен жылмен салыстырғанда туризмнің оң өсімі байқалады. Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Туристер саны 830,1 мың адамды құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (733,2 мың адам) 13,2%-ға артты. Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады.

         Облыс аумағында 1700-ден астам тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сонымен қатар облыста 251 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы жауапты тұлғаларға туристер ағынын арттыру, жаңа бастамаларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
         Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар орындалуы тиіс.  Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.

 

       Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады.


 

Сұхбат

PhotoRoom