Түркістан облысы кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Жыл сайын дүниежүзі мемлекеттерінің бизнеске қолайлығы бойынша “The World Bank Doing Business” рейтингі жасалады. Онда Қазақстан 190 мемлекеттің арасында 25-орында тұр. Кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы еліміздің облыстары мен мегаполистары арасында суб-рейтинг жүргізіліп, Түркістан облысы бизнес жүргізу үшін ең үздік өңір болып танылды.
Түркістан облысы Жетісай ауданында 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады деп күтілуде.
Жетісай ауданында кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан, қалаларда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істер жүзеге асырылуда.
Сондай жобалардың бірі Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің аумағында жүзеге асырылуда. Жалпы ауданы 1 га құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
«Белгіленген жоспарға сай өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндірістік орындарды ашу экономикалық дамуымызды еселеуде өте маңызды. Ауданда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарын ашуға ниет білдірген инвесторларға өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға заң аясында барлық қолдауларды көрсетеміз. Бұл ретте аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті өте жоғары» - дейді аудан әкімі Серік Мамытов.
Соңғы 5 жылда 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды. Осылайша ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Жетісай ауданының негізгі ерекшелігі – суармалы егіншілігіне негізделген аграрлы аудан болуында, мақта, көкөніс, бау-бақша өнімдері мен жеміс-жидек өсіріледі, сондай-ақ мал шаруашылығы да дамыған, климаты континентті, жазы ыстық және қысы жұмсақ. Бұл аудан суармалы егістігі дамыған дала аймағына жатады.
Мемлекет басшысы өз жолдауында әрбір елді мекенде шағын және орта бизнесті дамтыуға мол мүмкіндік қарастыру қажеттігін баса айтқан болатын. Жолдау негізінде бүгінде үлкен жұмыстар жүзеге асып келеді. Атап айтар болсақ, Жетісай ауданында шағын кәсіпкерлік саласы тұрақты дамуда. Алдыңғы жылмен салыстырғанда шағын орта бизнес субъектілерінің саны артқан. Жетісай ауданында жұмыс істеп тұрған 21 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектіде бүгінде 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, 10 айда кәсіпкерлер тарапынан 26,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтері көрсетілген. Осы жылдың 10 айда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 19,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 7,8 млрд теңгеге артқан.