Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылда еліміздің орман қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысының жасыл алқап көлемін ұлғайту мақсаты қойылды.
Түркістандағы 10 гектар аумақта тұқымбақ іске қосылды. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласының аумағында жаңа тұқымбақтың жұмысы қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде жобаны жандандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған.
«SK GeoKart» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында облыс орталығындағы 10 гектар аумақта арнайы тұқымбақ іске қосылды.
Тұқымбақта көшет отырғызу жұмыстарының іске асуын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып, өндірістік және агротехникалық процестермен танысты. Қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған жылыжайлар орнатылған. Мұнда өсімдіктердің дұрыс дамуына қажетті агротехникалық талаптар қатаң сақталып, жыл бойы үздіксіз өсіру жұмыстары жүргізіледі.
Жоспар бойынша тұқымбақта 700 мың біржылдық гүлдер, 1 млн түп жапырақты ағаш көшеті, 500 мың түп қылқанжапырақты ағаш көшеті өсіріледі. Сонымен қатар раушан гүлдері мен әртүрлі бұталар өсіріліп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тұрақты жасыл қор қалыптастырылмақ.
Тұқымбақ жер учаскелерінде өңірдің жасыл белдеу көлемін ұлғайту мен аудан, қала көшелерін өндірістік нысандарын көгалдандыруға қажетті ағаш-бұта көшеттерін өсіруге арналған. Түркістан облысында жыл сайын жасыл белдеуі мен орман қоры аумақтары ұлғайып келеді. Алдағы уақытта да облыстағы тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, тұқымбақта раушан гүлдері мен әртүрлі бұталар да өсіріледі. Бұл өсімдіктер қаланың сәндік әлеуетін арттырып, жасыл желектердің әралуандығын байытады. Осылайша, тұқымбақ арқылы қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тұрақты жасыл қор қалыптастырылмақ.
Түркістандағы бұл жаңа тұқымбақтың іске қосылуы, қаланың жасыл белдеуін кеңейтудегі және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы, болашақта Түркістанның жасыл және гүлденген қала ретіндегі беделін нығайта түсетіні сөзсіз.
Облыста жалпы аумағы 253 га жерді құрайтын 14 типтік заманауи тұқымбақ және орман қорын ұлғайту бойынша аумағы 350 га құрайтын 10 уақытша тұқымбақ бар. Бүгінде осы тұқымбақтардың 70-80% жаңа ағаш-бұта (гүлді, сәндік ағаштар мен роза тұқымдас көшеттері) көшеттерінің түрлерін өсіруді бастады. Ол үшін ландшафтды дизайн мен тұқымбақ шаруашылығын меңгерген арнайы мамандар маусымдық жұмысқа қабылданды. Барлық қажетті көшет тұқымын теру, отырғызу, өсіру жұмыстары қосымша бюджет қаражатынсыз, мекемелердің үнемделген қаржы есебінен және кәсіпкерлердің демеушілігімен атқарылуда. Қазіргі таңда, орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде, алдағы уақытта көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.