13.12.2025 в 19:32

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ БОЙЫНША ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістанда құрылыс саласы бойынша шетелдік инвесторлармен кездесу өтті.

      Түркістан облысына инвестиция тарту, өңір экономикасын дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жалғасуда. Бүгін осы мақсатта Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және TURKISTAN INVEST ЖШС өкілдері мен салаға жауапты мамандар қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді.

       Кездесу барысында «Jinhao Group», «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» компанияларымен құрылыс саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге жаңа технологияларды тарту бағытында тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

       Инвесторлар облыс аумағында капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты.

      «Jinhao Group» Қытайдың Харбин қаласында орналасқан энергия үнемдейтін және оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндіретін ірі әрі әртараптандырылған компания. Оған қоса ұйым ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жобалау, өндіріс, сату және монтаждау бағыттарын да қамтиды. Жалпы, компанияның құрылымдық бөлімшелері энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар және жасыл құрылыс салаларында жұмыс жүргізеді.

        Қос тарап өкілдері өңірде құрылыс индустриясы бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Түркістан индустрилды аймақтарындағы кіші өнеркәсіп алаңдарының мүмкіндіктерімен танысты.

        Алдағы уақытта тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келіссөздер жалғасатын болады.

        Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан мен Өзбекстан нарығына кірудің ықтимал нүктелері тұрғын үйлер, қоймалар және туристік нысандар саналады.

 

Қазақстандағы шектеулерге байланысты шетел инвестициялары негізінен мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетін ірі жобаларға шоғырланған. Мысалы, Астанада араб инвесторлары Абу-Даби Плаза, америкалықтар The St Regis Astana немесе Ақтауда Rixos Water World және Town Center, Түркістанда түріктер Karavansaray жобаларына инвестиция құйды.

       Алматыдағы коммерциялық жылжымайтын мүлікке итальяндық Renco жобалау-құрылыс компаниясы, ресейлік Ozon және Wildberries компаниялары инвестиция салды. Олар қоймалық жылжымайтын мүлікке белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Жалпы алғанда қазақстандық жылжымайтын мүлікке институционалдық шетелдік инвесторлар жоқ.

     Бүгінде инвесторлардың сенімі нақты сандармен көрініс табуда. Біз жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 216 жобаны бақылауда ұстап отырмыз. Олардың жүзеге асуы 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 72 жоба шетелдік капиталдың қатысуымен іске асуда, құны — 3,9 трлн теңге. Бұл — халықаралық компаниялардың облысты ұзақ мерзімді даму алаңы ретінде таңдауының айқын дәлелі.