10.07.2014 в 12:00

Депутаттар қайда жүр?

 

Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірлерді белсене аралап жүр. Бұдан былай халық қалаулыларының кездесулері жайлы мәлімет жинақтап ұсынатын боламыз. Кім біледі, бәлкім олардың саяси рейтингтеріне де ықпал етіп қалуымыз мүмкін ғой. Негізі олар ресми демалысқа шыққан. Десе де уақытты тиімді пайдаланып жүргендер туралы біле жүрейік.

 

Депутат Құттықожа Идирисов Қызылорда облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелерімен кездесті. Онда Қ. Идирисов Парламенттің заң шығару барысындағы атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Елбасы Жолдауында айтылған міндеттер талқыланып, олардың орындалу барысы сөз болды. Аймақты дамыту, азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеру, Жалағаш аудандық ауруханасының ғимаратын қайта салу секілді мәселелер көтерілді. Депутат Құттықожа Идирисов алдағы он күнде облыс орталығы мен аудандардағы сайлаушыларымен кездесіп, жұртшылықтың мұң-мұқтажын тыңдап, түйткілді проблемалардың шешілуіне ықпал жасайтын жеткізді.

 

Ал Астана қалалық білім басқармасынан Мәжіліске түскен тағы бір депутат Әсима Бимендина Ақмола облысы Ақкөл ауданының әлеуметтік объектілерінде, балалар сауықтыру лагерьлерінде болып, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Ауданға барған халық қалаулысы білім беру мекемелерінің жай-күйімен, проблемалық мәселелерімен және басқа да мәселелермен танысты.

Мәслихат депутаттарымен кездесу барысында мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, ауданнан көрші ауылдарға баратын жолдарды жөндеу, жетім балаларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударылды. Өз жұмысын депутат облыс орталығында жалғастырады.

 

Мәжілісмендер Ерсұлтан Бектұрғанов пен Жанат Жарасов Павлодар облысының Шарбақты ауданда болып бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар барысында депутаттар «Шарбақты» шекара бақылау бөлімшесі мен «Дархан» шекара комендатурасында шекарашылардың әлеуметтік жағдайымен танысты. Кездесу Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауы, еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа қадам басуы және шекара қызметі мен шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төңірегінде өрбіді.