23.07.2014 в 13:40

Атырау халқының проблемалары тыңдалды

Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко мен Мәжіліс депутаттары Асхат Бекенов, Еркін Шпанов Атырау облысында сайлаушылармен жүздесті.

Оның барысында Мәжіліс депутаттары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те қатысты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен қабылдауға келушілердің дені тұрғын үй жағдайын шешу, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін көтеріп, құқық қорғау органдарының заңсыз әркеттерін алға тартты. Айталық, қабылдауда болған Алдамжар Жанғалиев баласының өліміне байланысты істі жүргізіп жатқан облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдірді. Ол осыдан бес жыл бұрын орын алған Асхат есімді ұлының өліміне полиция қызметкерлерінің қатысы барын айтады. Алайда, қылмыстық іс әлі күнге дейін ашылмай келген. Тұрғынның мәселесімен танысқан С. Дьяченко өз атына арыз жазу керектігін айтып, мәселені қайта қарау үшін құқық қорғау органдарына  ықпал ететінін жеткізді», - делінген баспасөз баянында.

Сонымен қатар, қабылдау барысында Мақат ауданы, Доссор кентінің тұрғыны, көп балалы ана Гүлзира Жәумітова облыстың намысын қорғап, әлем чемпионаттарына қатысып жүрген баласы үшін қаржылай көмек сұраған болатын. Өз кезегінде мәжілісмен Асхат Бекенов жас спортшыға демеушілік жасайтынын жеткізіп, көп балалы ананың бір ұлын Доссор кентінен ашылатын жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне қызметке орналастыруға жәрдемін беретінін айтты.

Бұдан бөлек, қабылдау барысында көтерілген басқа да мәселелердің бірқатарын облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов өз қадағалауына алатын болды.