28.11.2016 в 12:30

Алакөл - Шығыстың ең көрікті мекеніне айналмақ (ФОТО)

ШҚО әкімдігі демалыс аймағын дамытуға 500 млн. теңге жұмсамақ. Бұл туралы ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі хабарлап отыр. Бұл қаржыға келесі жылы көлге апаратын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағалау мен жағажайлар абатандырылмақ. Жоба бойынша көлдің маңында саябақ ашылып, спорттық және аттракциондары бар балалардың ойын алаңдары салынбақ. Сонымен қатар, автобекет аумағы абаттандырылып, автотұрақ жасақталмақ.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Алакөлдің жағалауында туризмді дамытуды ерекше бақылауға алды. Әкімнің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қауіпсіздік талаптарының бұзылу фактілерін көптеп анықтады. Мұнымен қоса 80 нысан бойынша сәулет, қалақұрылысы талаптарының орындалмағаны белгілі болды. Тексерістің қорытындылары бойынша аудандық әкімдік әрбір кәсіпкермен анықталған кемшіліктерді келесі демалыс маусымы басталғанға дейін жою туралы меморандум бекітті. Өз қызметтерін заң талаптарына сәйкестендірумен қатар кәсіпкерлер иеліктеріндегі нысандарды абаттандырып, демалушыларға қолайлы жағдай жасайтын болады.

Бастысы, Алакөлдің жағалауында туризмді дамыту мәселесін кешенді шешу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тиісті инфрақұрылымды құра отырып, демалыс аймағын абаттандырудың жобасы дайындалды.

Даниал Ахметовтің төрағалығымен Үржар ауданында өткен арнайы кеңестің барысында жоба көпшілікке ұсынылып, бекітілді. Оған сәйкес келесі жылы Алакөлге апаратын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағалау мен жағажайлар абаттандырылмақ, көлдің жағалауында саябақ ашылып, спорттық және аттракциондары бар балалардың ойын алаңдары салынбақ. Сонымен қатар, автобекет аумағы абаттандырылып, 200 орындық автотұрақ жасақталмақ. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин көзделген жұмыстар 2017 жылдың 1 шілдесінде аяқталады деп сендірді.

– Мен осы ауданда жұмыс істейтін азаматтардың өз міндеттерін орындап, Алакөлдің маңайын абаттандыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып, демалуға келген адамдарға қолайлы жағдай жасайды деп сенемін. Алакөлді Шығыс Қазақстанның мақтануға тұрарлықтай көрікті аймағы етуге алғаш рет бюджеттен арнайы қаржы бөлінуде, - деді кеңесті қорытындылаған Даниал Ахметов.

"Сайгез-ақпарат"