05.12.2016 в 18:03

Қазақстан Үрімшіде өткен туристік көрмеге қатысты

SONY DSC

Бүгінде қытай туристері әлемдік туризмнің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Соңғы 10 жылда қытай туристерінің саны екі есеге өскен. 2005 жылы 35 млн. ал, 2015 жылы 125 млн. турист саяхаттаған. 2015 жылы қытай туристерінің шетелде жұмсаған қаржысы 200 млрд. доллардан асып кетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2015 жылы Қазақстан бюджетінің кірісі шамамен 20 млрд. доллар болған.

Қытайлық туристерді елге тарту стратегиясы аясында  Қазақстан 2016 жылы 25-27 қарашада  қысқы туризм түрлері бойынша Үрімші қаласында өткен WTT-2016 халықаралық туристік көрмеге қатысты. Көрмеде жалпы 28 елдің, оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Армения, Исландия, Норвегия, Малайзия елдерінің делегациялары бас қосты.

Қазақстандық стендті ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясын дамыту департаментінің тапсырысы бойынша «Атамекен» ҰКП жанындағы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы әзірледі. Қазақстандық делегация құрамында Алматы қаласы әкімдігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері және «Жібек Жолы – АП» ЖШС, «KazUnion» ЖШС, "Bekzada" ЖШС,  «Abdi Travel» ЖШС туристік операторлар болды.

Көрме барысында ҚР ИДМ Туризм индустриясын дамыту департаментінің өкілдері қытайлық әріптестерімен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту, 2017 жылы қытай туризмі жылын өткізу мәселелері бойынша бірқатар кездесу өткізді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасына қытай азаматтарының топтық туристік сапарларын жеңілдету жөніндегі ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытайдың туризм істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасындағы меморандумды» жүзеге асыру барысы талқыланды.

"Сайгез-ақпарат"