Иманғали Нұрғалиұлы 1991 жылы жылы Қазақстан Республикасының жастар ісі жөніндегі Мемлекеттік комитетін басқарды. 1993 жылы ҚР Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Келесі жылы қазіргі қызметі секілді ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1997 жылы Вице-премьерлікпен қоса Білім және мәдениет министрі қызметін қоса атқарды. Сосын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып ауысты. 1998 жылдан – ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылы Атырау облысының әкімі болып кетті. 2000 жылдың желтоқсанында екінші рет ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметіне келді. 2002 жылы алғаш рет Үкіметті басқарды. 2003 жылы ҚР Мемлекеттік хатшысы болды. Ал 2004 жылы екінші мәрте ҚР Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсанынан 2008 жылдың сәуіріне дейін – Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. 2008 жылдың сәуірінен 2014 жылдың қазанына дейін – Астана қаласының әкімі болды. 2014-2016 жылдары 9 Қорғаныс министрі болды. Қазір қайта Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Иманғали Нұрғалиұлы рухани ортаға жақын жүретіндіктен, зиялы қауым өкілдерімен, журналистер қауымымен етене жақын байланыста болғандықтан, ол туралы басылымдарда «Мәдениет қамқоршысы», «Құба даланың бұла перзенті», «Уызына жарыған ұл» деген атпен бірнеше мақала жарық та көрді. «Уызына жарыған ұл» атты мақаланың авторы белгілі публицист, қаламгер Қали Сәрсенбай болатын. Оқырман бұл мақаланы Иманғали Тасмағамбетовке берілген лайықты баға деп қабылдады.
Иманғали Тасмағамбетовтың мерейлі 60 жасымен құттықтауды белгілі саясаткер Әміржан Қосанов бастап кетті. Ол үш рет әкім (Атырау облысы, Алматы қаласы, Астана қаласы), екі рет министр, үш рет вице-премьер, бір рет Үкімет басшысы болған И.Тасмағамбетов туралы былай дейді:
Қазіргі Қазақстан саяси элитасындағы өз орнын ойып алған тұлға.
Оның өзіне тән қасиеттері бар екенін ел біледі.
Іскер (Алматыда қар жауса, «Имекеңді қайтарыңдар!» деп ел шулап жатады).
Ұйымдастырушылық қабілеті зор (кез келген саланы басқарып, дөңгелетіп жібереді).
Қол астындағыларға аса (керек десеңіз, тым!) талапшыл (оны мен кезінде өз басымнан өткергенмін).
Рухани өмірден молынан хабардар (ол қасиет көптеген шенеуніктерден табыла бермейді).
Ұлтшыл (қазіргі компрадорлар мен космополиттер билеген заманда ондай болу да бір сын).
Және - турашыл.
Соңғы қасиеті оның дұшпандарының қатарын көбейтпесе, сиретіп жатқан жоқ.
Кезінде ол кісімен қоян-қолтық араласып, жұмыс істегенбіз. Мойындауға тиіспін: менің Алматыдағы қызмет карьерамның басталуына тікелей атсалысқан осы кісі болды. Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитетте оның орынбасары боп жұмыс істеу – менің алғашқы шенеуніктік әрі қайраткерлік университетім болды.
Ол вице-премьер болған тұста мен үкімет баспасөз қызметін басқарып, талай бастамаларға бірге мұрындық болғанбыз.
Ол кісінің әкесі қайтыс болғанда мен оның қасында болдым, менің әкем қайтқанда - ол менің жанымда болған.
Бірақ кейін, саяси себептермен арамыз ажырап кетті: ол билікте, ал мен – оппозицияда дегендей.
9 желтоқсанда ол 60 жасқа толып отыр. Осыдан тура 20 жыл бұрын оның 40 жасқа толу дастарханын басқаруға ат салысқанмын. Ол кезде «ол жас, болашағы әлі алда» деп ел айтатын. Бүгінде ол, сөзсіз, саяси ауыр салмақтылар категориясында. Ал ол «салмақтылар» санатында болудың өз «салмағы» бар...
Сонымен бірге, биліктегі биік белестеріне қарамастан Иманғали Тасмағамбетов аса қиын жағдайда деп ойлаймын, өйткені қатып-семіп қалған біздің саяси жүйе талантты, мінезді, өзгелерден ерекшеленген тұлғаларды көтере бермейді Және де оның көре алмастары мен дұшпандары тыныш отырмайды.
Туған күні құтты болсын! Алпыстың асуынан асып, жетпістің жемісін жеуге жазсын. Қолында билік бар кезде, жанынан шықпайтын жағымпаздар мен қай кезде де қасынан табылар шын жанашырларының арасын ажырата білсін!
Ең бастысы – халқымен бірге болсын!
Мынау Үкіметте бірге жүрген кездегі фото. Үстел басында – сол кездегі білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлері, солармен бірге Имекең кезекті реформаны насихаттап жатыр.
Айтпақшы, сол кезде вице-премьер болған оның сол қызметке 20 жылдан соң қайта келуінде бір гәп жатыр емес пе?..
Әзірлеген: Досжан Мейірім